«Ұлымның мәйітін қаппен алып келіп, үйдің ауласына тастай қашты» – Бестөбе кен орнындағы кісі өлімі
«Ұлымның мәйітін қаппен алып келіп, үйдің ауласына тастай қашты» – Бестөбе кен орнындағы кісі өлімі
8,308
оқылды
Ақмола облысындағы Бестөбе алтын кенішіндегі шахтадан заңсыз алтын іздеумен айналысқан 23 жастағы жігіттің денесі табылды. Қаза тапқан Дмитрий Шевченконың ата-анасының айтуынша, алтын қазуға әкеткендер ұлының денесін қапқа салып, Кутузовка ауылындағы үйінің ауласына тастай қашқан, деп хабарлайды KTK. Дмитрийдің ата-анасы оны шахталардың біріне жұмысқа заңды түрде орналасты деп ойлаған. Өйткені ол жұмыс берушіні ғаламтордан іздеп тауып 400 шақырым жердегі  Бестөбеге аттанған. Сөйтсе олар бригада құрып, жиналған азаматтарды жер астына алтын іздеуге жіберетіндер екен. Бұл жолы да бір топ адам ашық жатқан  ескі кенішке түскен. Жарылғыш зат қолданғанда Дмитрий қаза тауыпты. Үш адам оның өлі денесін көлікке салып алып ауылға әкеліп тастаған.
 - Қапқа салып алып, ит сияқты әкеліп тастады. Далдұл болған өлі денесін көріп есіміз шығып кетті. Мұндайды кім күткен?! Олар осы топтың басшылары. Сонда қалай, өз бетінше өлікті артып алып, әкеліп тастап жүре беретін ол кімдер? Жарылғыш затты ресми түрде жұмысы жоқтарға кім берген сонда? Базарда сатылмайды ғой. Бұл нағыз қауіпті бизнес болғаны ғой, – дейді марқұмның ағасы.
Мүрдесін Солтүстік Қазақстандағы үйіне кіргізіп, туысқандарына көңіл айтуға да жарамаған үшеу кетісімен, Шевченколар полиция шақырған. Бұл жағдайдан оқиға болған Степногор қаласының полициясы да бейхабар екен. Жер астында жасалған жарылыстан бір жігіт қаза тапса да, оқиға орнына не полиця, не жедел жәрдем шақырмаған. Сөйтіп әлгі жұмыс берушілер мәйітті Жигулиге салып, марқұмның ауылына бір-ақ тартқан. Қазір құзырлы органдар оларды тергеуге алды.
 - Шахталардың бірінде қайтыс болған 23 жастағы азамат Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының тумасы. Алған дене жарақаты ауыр болған. Қазір күзетілетін нысанға заңсыз кірді деген баппен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Адам өлімі болған жерде заңсыз әрекет еткен үшеуге қатысты да тергеу жүріп жатыр,– дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Ал әскерден жуырда ғана борышын өтеп келгеннен кейін, тепсе темір үзетін ұлының жұмыс тапқанына жүрегі жарыла қуанған ата-ана бүгін оны ақтық сапарға шығарып салды.