Павлодарда азаматтарды ит қапты
Павлодарда азаматтарды ит қапты
269
оқылды
Павлодарда азаматтарды ит қапты. “21 тамыз күні сағат 06:31-де “102” нөміріне Бекхожин көшесіндегі сауда үйлерінің бірінің артында иесіз ит ер адамды тістеп алғаны және өтіп бара жатқан адамдарға тап бергені туралы қоңырау келіп түсті”, – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, оқиға орнына Павлодар қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының АП-627 автопатрулі жіберілді. Келген бойда полицейлер өтіп бара жатқан адамдарға шабуылдап жүрген Алабай тұқымды итті көрді. Сондай-ақ ер адам бұл иттің әйелге шабуыл жасағанын, кейін оны тістеп алғанын айтып, полицияға жүгінді. Жағдайды бағалап, азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында полиция кіші лейтенанты Ерсін Шахманов ПМ-9 мм қызметтік қаруын қолданып, екі рет оқ атты. Ит тірі, ветеринарлық қызметке тапсырылды. Оның иесін анықтау шаралары жүргізілуде. Жәбірленуші, 33 жастағы ер адам – Полиция департаментінің қызметкері – жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді, оған “оң жақ білегінің екінші санатты тістеу жарақаты” диагнозы қойылды. Жәбірленушінің айтуынша, ол таңғы уақытта жұмысқа шыққан. Өтіп бара жатып, иттің әйелге шабуыл жасағанын көреді. Ойланбастан жүгіріп келіп, әйелді жауып, иттен құтқарады. Ит оған да жүгірген. Полицияны куәгерлер шақырған. Полиция қызметкерінің қызметтік қару қолдану фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.