Атырауда ер адам көпірден секірмек болды
Атырауда ер адам көпірден секірмек болды
Атырауда алкогольді ішімдік ішкен ер адам түн ортасында көпірден секірмек болған. Полиция қызметкерлері суицид жасамақ болған жігітті райынан қайтарды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, оқиға бүгін, 21 тамызда сағат 2:45-те тіркелген.
«Бүгін түнде 102 операторына Атырау қаласындағы «Жұмыскер-Балықшы» көпірінің үстінде әлдекімнің Жайық өзеніне секіргелі тұрғаны туралы хабар түсті. Бұл деректі жедел басқару орталығының қызметкерлері радиоқабылдағыш арқылы қауіпсіздікті қадалағап жүрген экипаждарға жеткізген. Аталған көпірге жақын маңда жүрген «Батыс-24» экипажының қызметкерлері, полиция аға лейтенанты Темірлан Сахиполлаев пен полиция капитаны Дамир Аманов жедел жетті. Полиция қызметкерлері өз-өзіне қол салмақ ниетпен көпірден секірмек болған 33 жастағы ер адамды анықтады», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Суицид жасауға ұмтылған жігіт – Атырау қаласының тұрғыны. Жедел әрекет еткен полицейлер онымен профилактикалық келіссөз жүргізіп, райынан қайтарды.