Ақмола облысында «AMANAT» партиясы 60 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл жерлер партия жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының өңірді аралауы кезінде анықталған. Халықтың ащы жанайқайын тудырған жайылым жерлер енді ауыл тұрғындарының емін-еркін мал жайып, шөп шабуына қолданылмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолданылмайтын жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген. «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Қарибектің айтуынша мұнымен қоса ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 333 мың гектарды тұрғындармен бірлесіп қолдану жөнінде меморандум жасалған. Комиссия мүшесі Ғалым Байтоқ Ақмола облысында жайылым жер мәселесі әлі де аса өзекті екенін атап өтті.
«Облыста жеке мал ұстайтын ауылдағы ағайын үшін жайылым жерлердің тапшылығы әлі де болса аса өзекті күйде қалып отыр. Сондықтан комиссия белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Біз мемлекеттік органдармен және ірі меншік иелерімен бірлесіп келген барлық шешімдердің орындалу барысына мониторингті жалғастыратын боламыз», – деді Ғалым Байтоқ.
Ал белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбайдың айтуынша, комиссия мүшелері соңғы үш айдан бері өңірлерге арнайы барып, жер мәселесіне талдау жүргізуде.
«Мемлекеттік орган және партия өкілдерімен қатар комиссия құрамына белгілі белсенділер, заңгерлер, қоғам қайраткерлері кірді. Жайылым жерлердің жетіспеушілігі ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған күрделі мәселе. Сондықтан оны бір күнде шешу мүмкін де емес. Сондықтан біз барлық партиялық тетіктермен әрекет етіп өзара хабарлай отырып әрбір облыстағы мәселелерді шешпекпіз», – деді Мақсат Толықбай.
Атбасар ауданы Сочинской ауылының тұрғыны Асылхан Тастемір мал шаруашылығын дамытуда жайылымның тапшылығы аса үлкен қиындықтар тудыратынын атап өтті. Оның айтуынша елді мекеннің айналасындағы 6 мың гектарға жуық жайылым қазір тақырлана бастаған.
«Біздің ауылда шамамен 200-ге тарта үй түтін түтетеді. Олардың барлығы да іс жүзінде мал шаруашылығымен айналысады. Халықтың басты күнкөрісі де осы ірі қара мал мен жылқы болып тұр. Ал жайылым жерлердің тапшылығы әлі де өзекті. Комиссия бұл мәселені шешуге көмектеседі деген үміттеміз», – деді ол.
Жер мәселесі жөніндегі тәуелсіз сарапшы әрі «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбектің мәліметінше, Ақмола облысында біршама жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Атап айтқанда, Ақкөл ауданында 2,9 мың, Аршалыда 8,1 мың, Астрахан ауданында 0,21 мың, Атбасар ауданында 10 мың, Егіндікөл 4,3 мың, Ерейментау 0,66 мың, Есіл 4,7 мың, Жақсы 0,23 мың, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандарында 2 мың гектардан, Көкшетау қаласында 0,2 және Степногорда 2,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жер халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін бөлініп берілмек. Комиссия төрағасының орынбасары жұмыс бұл нәтижемен шектелмейді дейді.
«Біз осы нәтижемен шектеліп қалмаймыз. 2023 жылға дейін 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылады. Оның ішінде банктерге кепілге кеткен 2 миллион гектар жерлер де бар. Мұның бәрі оңай емес. Республикалық комиссия басшысының орынбасары ретінде республикалық жер комиссиясының құрамында жер ресурстарын басқару комитеті, аумақтық департаменттер, бас прокуратура мен аумақтық прокуратура органдары бар екенін мәлімдеймін. Бәрі тек жаңа басталып жатыр», – деді ол.