Ядролық медицина орталығы – бірегей жоба

Ядролық медицина орталығы – бірегей жоба

Қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасы Медицина­лық орталығы ауру­ханасының Ядролық медицина орталығы ашылады. Өткен аптада Мемлекет басшысы жаңа нысанның дайындығымен танысып, бұл мекеменің қызметі еліміз үшін айтулы оқиға болатынын атап өтті. Жаңа Ядролық медицина ор­талығы циклотронды-өндірістік ке­шен мен диагностикалық блок­тан тұрады. Орталық дәрігерлері жабдықтар мен бөлмелерді аса мақтанышпен таныстырады. Мұн­да барлығы әлемдік стандарттарға сәйкес жабдықталған. Цикло­трон­ды кешен фтор-18, көміртек-11 және галлий-68 сияқты жарам­ды­лық мерзімі өте қысқа 3 изотоптың негізінде 9 радиофармацевтикалық препарат өндіруге мүмкіндік бе­реді. Қазақстанда бұл препарат­тардың сегізі бұрын өндірілмеген. Бүгінде елімізде бір ғана радио­­фармпрепарат бар – 18F-FDG. Ядролық медицина орталығы циклотронды-өндірістік кешенінің бастығы Индира Тілеулесованың айтуынша, барлық 9 РФП өндіру арқылы бүгінде бір ғана 18F-FDG – фторглюкоздың көмегімен анық­тала қоймайтын нейро­эндо­криндік патология, қуықасты безі­нің обы­­ры, ұйқы безі, бүйрекүсті безі, өкпе­нің және басқа да көп­теген обыр тү­рін диагностикалау мүмкін болмақ.

«2022-2026 жылдар аралығында 9 радиофармацевтикалық препа­ратты (18F-FDG, 18F-NaF, 18F-DOPA, 18F- PSMA, 18F-FET, 18F-FLT, 11C-MET, 68Ga-PSMA, 68Ga-DOTA) кезең-кезеңімен өндіріске енгізу жоспарланған. Кешеннің жо­балық қуаты – күніне 2-3 синтез. Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптары бойынша сертифи­кат­талады және Атомдық және энер­гетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің лицензиясын ала­ды», – дейді Индира Қайратқызы.
Кешен радиациялық қауіп­сіз­дік және фармацевтикалық сапа жүйесінің талаптарына сәйкес жос­парланған 9 РФП барлық же­лісін өндіруді қамтамасыз ету үшін өндірістік, талдамалық, дозиме­трия­лық жабдықпен толық қамта­масыз етілген. Үш бөліктен тұрады – циклотрон блогы, өндірістік ай­мақ және сапаны бақылау блогы. Мұнда физик, химик, биолог ма­мандар жұмыс істейді. Ядролық медицина орталығы­ның диагностика блогы диагнозы қиын анықталатын қуықасты бе­зінің обыры, нейроэндокринді өс­пелер, бас миының ісіктері, ос­тео­бластикалық сүйек метастаз­дары, тағы басқа қатерлі ісік ау­руларын, сондай-ақ кардиология және неврология ауруларын ерте кезеңінде анықтайды. Орталық жаңа заманауи жабдықтармен қам­тамасыз етілген. Мәселен, бүгінде әлемдік медицина индустриясында қолжетімді позитронды эмис­сия­лық компьютер томографиясының сканерлеу жылдамдығы жоғары, бұл аппарат диагноз қою сапасын арттырады.
«Discovery MI ПЭТ/КТ аппа­раты жоғары жылдамдықты ска­нерлеу режиміне ие әрі сурет са­пасы диагностиканың ерекшелігі мен тиімділігін арттыруға мүм­кін­дік береді. Бұл арқылы өткізу қа­білетін арттыру және пациент­тер­дің зерттеу нәтижесін күту ке­зегі (қазіргі уақытта 3-4 айға дейін) азаяды. ПЭТ/КТ зерттеу өткізу қабілеті қазіргі уақытта жылына 3 мыңға дейін пациент қамтиды. Бұл орташа алғанда күніне 20 науқас. ЦӨК іске қосылғаннан кейін па­циенттер ағымын 1,5-2 есеге, яғни жылына 7 мың пациентке, күніне 35-40 зерттеуге дейін арттыру жос­парлануда», – дейді Ядролық ме­ди­цина орталығы басшысының мін­детін атқарушы Айгүл Сәдуақасова.
Ал GE компаниясы өндірген БФЭКТ/КТ аппараты жоғары өткізу қабілетіне ие, техникалық және бағдарламалық мүмкіндіктері бар. Бас миына, сүйек-буын жүйе­сіне, өкпеге, бауырға, бүйрекке, қалқаншабезге, қосқалқанша безге және тағы басқа барлық ағза мен жүйенің қызметіне зерттеу жүр­гізуге мүмкіндік береді. Фотонды-эмиссиялық компьютерлік томо­графия қатерлі ісік жасушалары­ның мінез-құлқын бақылай алады. Өзгеріске ұшыраған жасушаларда қатерлі ісік пайда болғанға дейін қалыптан тыс метаболизм жүреді. Оларды анықтауға науқастың қа­нына енгізілетін арнайы препа­рат­тар көмектеседі. Белгіленген қо­сылыстар неоплазмада жиналып, радиациялық сәуле шығарады, оны арнайы гамма-камера тіркейді. Сонымен қатар құрылғылар кез келген органның және адам ағза­сының бүкіл жүйесінің функцио­налды жағдайын, соның ішінде қан мен лимфа қозғалысының жыл­дамдығын зерттей алады.
«Бұл аппарат жоспарланған зерт­теулерді, сондай-ақ сатып­ ­алы­натын жабдықтың экономи­калық тиімділігін ескере отырып таңдал­ды. Өткізу қабілеті күніне 6 зерт­теу­ге дейін немесе жылына 1 300 па­циенттен аспайды. Жаңа БФЭКТ/КТ аппаратын пайдала­нуға беру кезінде пациенттер ағы­мын 1,5-2 есеге, күніне 10-12 зерт­теуге дейін, жылына 2,5 мың зерт­теуге дейін арттыру жоспарлану­да», – дейді Айгүл Сәдуақасова.
Қазіргі уақытта елімізде 4 ПЭТ/КТ аппараты жұмыс істейді. Біреуі – University Medical Center КҚ РДО, екіншісі – «ҚР ПІБ МО ау­руханасы» РМК, үшіншісі – Алма­ты қаласындағы ҚазОРҒЗИ, төр­тіншісі – Семей қаласындағы ядро­лық медицина және онкология орталығында орналасқан. РДО және Семей қаласындағы орта­лық­тың базасында бір ғана радио­фар­мпрепарат – 18-фтордезок­сиг­люкоза (18F-FDG) өндіруге арнал­ған циклотронды кешен бар.
«Біздің орталықта заманауи медициналық аппараттардың кө­ме­гімен қатерлі ісікпен қатар өзге де ауру түрлерін ерте кезеңде диаг­ностикалауға мүмкіндік бар. Бі­регей медициналық мекеме онко­логиялық және кардио ауруларын диаг­нос­тикалау мен емдеуді әлем­дік дең­гей­ге шығаруға мүмкіндік береді. Он­кологиялық ауруларды ерте бастан анықтау, ем-дом жүр­гізу үшін ше­т­елге барудың қажеті жоқ. Бізде бар­лық заманауи техно­логия, қажетті техника мен білікті дәрігерлер бар», – дейді Индира Қайратқызы.
Жаңа ашылатын Ядролық ме­ди­цина орталығы аруханасы GMP сертификатталған өндірістік алаңы бар және өз базасында ПЭТ/КТ зерттеулерін қатар жүргізетін Қа­зақстандағы жалғыз медициналық мекеме болады. Жаңа емдеу-диаг­ностикалық блогында күрделі ауру­ларға шалдыққан науқастарды емдеу мен оңалтудың тәсіліне жү­гінетін 7 терапиялық бөлімше жұ­мыс істейді. Қыркүйекте ашылатын орталыққа МӘМС, портал арқылы келіп, тегін жазылуға болады. Ор­талық азаматтардың денсаулығын жақсартуға және қазақстандықтар үшін заманауи медициналық тех­нологиялардың қолжетімділігін арт­тыруға қызмет етпек.

Айдана НҰРМҰХАН