Баланы елордалық ақылы мектепте оқыту үшін қанша қаражат керек?
Баланы елордалық ақылы мектепте оқыту үшін қанша қаражат керек?
830
оқылды
Кazakh24.info астанадағы бірнеше ақылы мектеп бағасына шолу жасаған екен. Елордалық ақылы мектептердің бағасы 1,5 млн теңгеден басталып 4 млн теңгеге дейін жетеді. Алайда бұл баға тек бірінші сынып оқушылары үшін. Ал орта және жоғары сыныптар үшін бұл баға жоғарылай береді. Білім басқармасының мәліметінше, елордада 99 мемлекеттік, 48 ақылы мектеп және МЖӘ бойынша 5 мектеп бар. Көбіне жеке мектептерде сабақ таңертеңнен кешке дейін созылады. Осы уақыт аралығында балалар материалды игеріп, серуендеп, корпустағы бірқатар үйірмелерге барып, тамақтанады. Мұндай мекемелердің тағы бір артықшылығы – сыныптағы оқушылар саны 22-ден аспайды. Сондай-ақ жекеменшік ақылы мектептерде бірінші сынып оқушылары ағылшын тілін оқиды. Өздеріңіз білетіндей, осы оқу жылынан бастап мемлекеттік мектептерде ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап оқытылады. Ақылы мектепке орналасу үшін бір реттік алғашқы жарна төлеу қажет. Оның құны 90 мыңнан 400 мың теңге аралығында. Жылдық оқу құнына көбіне 3 немесе 4 реттік тамақтану, бірқатар оқулықтар, мектеп формасы, кейбір үйірмелер, серуендер, кеңсе тауарлары, екінші шет тілі кіреді. Ал тасымалдау үшін бөлек төленеді. Соынмен қатар бір отбасының екінші, үшінші баласына, бірден толық соманы төлегендерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен елордалық ақылы мектептердегі оқу құны келесідей. Miras халықаралық мектебінде 1-4 сыныптар үшін оқу ақысы 4 млн 50 мың теңге. Орналасу жарнасы – 400 мың теңге. Alpamys School-да жылдық оқу құны – 2,232 млн теңге. Кіру жарнасы – 200 мың теңге. «Флагман» жекеменшік мектебінде жылдық төлем – 1 млн 650 мың теңге, ал кіру жарнасы – 90 мың теңге. Haileybury Astana-да тіркеу жарнасы 37 мың теңге. Мұнда балаларды бірінші сыныпқа бес және алты жастан бастап қабылдайды. Бірінші сынып оқушылары үшін оқу құны 14 193 Фунт стерлинг, бұл шамамен 8 млн теңге. Мектепте ағылшын тілін екінші тіл ретінде үйретеді. Сондай-ақ олар бағдарламаны игере алмаған оқушыны екінші жылға қалдыруға құқылы. «Blue sail – Голубой парус»-та бірінші сынып оқушылары үшін айлық төлем 150 мың теңге. Орналасу үшін төленетін жарнаны қосқанда жылдық ақысы –1,5 млн теңге болады. Х. Ж. Садвакасова атындағы мектепте барлық сыныптар үшін оқу құны 2 млн 70 мың теңге. Spectrum Internatonal School-да оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар, оқушыларда екінші шет тілін – француз, түрік және орыс тілдерін таңдауға мүмкіндігі бар. 2021-2022 оқу жылында оқу ақысы 6,55 млн теңге болған. Nurorda-да оқу жылына 3,3 млн теңге. Тамақтану үшін 505 мың теңге бөлек төленеді. Astana Garden School-да жылдық ақы – 3,5 млн теңге. Экономикалық лицейде оқу құны кіру жарнасын есептемегенде жылына 1 млн 125 мың теңге. International Sсhool of Nur-Sultan-да оқу ақысы жылына 1,8 млн теңге. Тамақтануға 650-700 мың теңге бөлек төленеді. Ал кіру жарнасы – 320 мың теңге.