Атырауда ер адам мас күйінде көпірден секірмек болды
Атырауда ер адам мас күйінде көпірден секірмек болды
289
оқылды
Атырауда ішімдік ішіп алған 35 жастағы ер адам көпірден секірмек болған. Оны полиция қызметкері құтқарып қалған. Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға қатысты дерек бүгін түнде, 25 тамыз сағат 1.30 шамасында тіркелген. Атыраудағы «Жұмыскер» және «Балықшы» шағынауданын жалғастырып, Жайық өзенінің үстінен өтетін көпірден ер адам секіруге оқталған. Жағдайды естіген патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция аға лейтенанты Асланбек Ғарифуллин оқиға орнына жедел жеткен. Полиция инспекторы өз-өзіне қол жұмсамақ болған жігітпен профилактикалық келіссөз жүргізген. Ер адам  тәртіп сақшысына өзінің екінші топ мүгедегі екенін, отбасына ақша жеткізе алмағанына налитынын айтқан. Көпірден секірмек болуының негізгі себебі сол болған.
«Суицид жасағалы тұрған ер адаммен келіссөз сәтті аяқталды. Полиция ер адамның Атырау қаласы  тұрғыны екенін анықтады. Оның жасы – 35-те. Медициналық сараптаманың қорытындысымен, жеңіл дәрежелі масаң күйде екені дәлелденді. Ол Атырау қаласындағы №1 полиция бөлімінің жедел-тергеу бөліміне тапсырылды», – делінген департамент баспасөз қызметінің хабарламасында.