Қазақстан мен Орталық Азияда алғашқы болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз наноспутнигін Жер орбитасына сәтті шығарды. Келесі мақсат – аталған технологияны бүкіл Қазақстан бойынша дамыту. Осы мақсатта 2019 жылдан бастап білім ордасы базасында «Альфасат» жердің кіші жасанды серіктері конструкторын құру жобасы жұмыс істеуде. Ол ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар бойынша басым бағыттарды қамтиды. Жобаның авторлары – А.Темірбаев, Н.Өзбеков, Н.Мейрамбекұлы, С.Орынбасар, О.Туебаев. ҚазҰУ ғалымдары білім алушыларға ғарыш аппараттарын жобалау, құрастыру, сынау және пайдалану процестері туралы жүйелі түсінік беретін компоненттер жиынтығы болатын инновациялық өнім ұсынып отыр.
«Бүгінде CubeSat стандартты шағын ғарыш аппараттарының саласы қарқынды дамып келеді. Өйткені олар үлкен жасанды жерсеріктермен салыстырғанда арзан және оны құрастыру жеңіл әрі жылдам жүзеге асырылады. Осыған байланысты әлемнің көптеген университеті мен үкіметтік емес компаниясы өздерінің ғарыш аппараттарын ұшыруды қолға алды. Олар ғылыми-зерттеулер, білім беру, ауыл шаруашылығы, жер бетін зерттеу, картография және т.б. сияқты көптеген салада қолданылады»,– дейді жоба авторлары.Авторлар бұл салаға 2013 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында әзірленіп, 2017 және 2018 жылдары іске қосылған алғашқы қазақстандық «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» наноспутниктерін әзірлеу және іске қосу кезінде дағдыланған болатын. Бұл өз кезегінде «Альфасат» наножерсерік конструкторы жобасын табысты іске асыруға көмектесті.