Икемді дағдылардан игілік көп
Икемді дағдылардан игілік көп
1,068
оқылды
Бүгінде біз түйіндеменің «Дағдылар» деген ба­ғанында көрсететін тіл табысқыштық, күйзеліске тө­зімділік, ізденімпаздық деген секілді деректердің рас-өтірігін анықтау үшін батыстық компаниялар адамды жұмысқа қабылдарда түрлі сынақтар беріп, сұрақтар қояды. Демек, кадрды іріктеуде бұл ма­шықтардың маңызы бар болғаны. Kazakhstan Institute of Skills Development негізін салушы Қанат Оң­ғар­баев осы дағдыларды зерттеумен айналысып жүр. Қанат 2018 жылы Дүниежүзілік банк пен ел Үкіметі бірлесіп ұйым­дас­тырған «Жұмыстар және дағдылар» атты жобаға қатысқан. Сол жоба ая­сында Қазақстанның әр өңіріндегі мектептер, колледждер және универ­си­теттерде зерттеу жасап, жастардың дағ­дылары жөнінде деректер жинаған. Бұл деректер кезінде «Мамандықтар ат­ласы» жобасында пайдаланылған екен.
– Осы зерттеу барысында мен бү­гінде әлем маңызын мойындаған «икем­­ді дағдылардың» («soft skills») адам­ға қаншалықты керек екеніне көз жеткіздім. Сіз білесіз бе, Сингапурда 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтар мемлекет тарапынан дағдыларды же­тілдіру бойынша көмек ала алады. Бұл бағдарламаның тиімділігі талай мәрте дәлелденген. Өкінішке қарай, біздің елде әзірге икемді дағдыларды үйре­те­тін, жетілдіретін арнайы меке­мелер – жоқтың қасы. Осыны ескере келе биыл Дағдыларды жетілдірудің қазақстандық институтын (Kazakhstan Institute of Skills Development) құрдық, – дейді Қ.Оңғарбаев.
Дағдыларды екіге бөліп қарасты­ратын болсақ, оның бірі – орныққан дағдылар, яғни hard skills адамның белгілі бір кәсіби қызметке қатысты құзыреттіліктерін білдіреді. Оларды өл­шеу анағұрлым оңай. Мысалы, бюд­жет пен смета құрастыру, математика­лық формулаларды шешу, статистика­лық деректерді жинау, биологиялық тәжірибелер жасау, кеме құрастыру де­гендей. Ал soft skills, яғни икемді дағ­дыларды өлшеу қиындау. Мұндай дағ­дыларға адамға командада немесе қор­шаған ортада дұрыс әлеуметтік қа­рым-қатынас құруға, өз бойындағы әле­уетті дұрыс жүзеге асыруға, тұлға­аралық конфликтілерді шешуге көмек­тесетін машықтар жатады. Карнеги Мелон қоры жүргізген зерттеуге сү­йенсек, ересек адамның кәсіби ман­сап­тағы табыстылығы 85 пайыз жағдайда икемді дағдыларға тәуелді екен. Сон­дай-ақ LinkedIn компаниясы АҚШ-та жұмыс берушілердің 57 пайызы қыз­меткерді жұмысқа аларда оның кәсіби дағдыларынан гөрі, икемді дағдыларын көбірек бағалайтынын анықтаған. Олар­дың көбіне жұмысшының коман­дада тиімді жұмыс істей алуы, шешім қабылдап, проблемаларды шеше алуы, ұйым ішінде және жұмыстан тыс уақытта адамдармен тіл табыса алуы, жоспарлау, ұйымдастыру және приоритеттерді қоя білу қабілеттерінің бар болуы, үнемі ізденісте болуы, жұ­мысқа қажетті ақпаратты тауып, өңдей алуы маңызды болған. Міне, осының бәрі – икемді дағдылар.
– Біз 10 жасар баладан бастап, ересектерге дейін оқытамыз. Неге 10 жас дегенге келсек. Ғылымда дәл осы жастан бастап адам белгілі бір дағдыны қабылдауға әзір болады деген түсінік бар. Біз мектептермен де, колледж-университеттермен де, сонымен қатар әртүрлі компаниялармен де жұмыс істейміз. Компаниялар бізді өздеріндегі қызметкерлердің икемді дағдыларын жетілдіруге, жаттықтыруға шақырады, – дейді кейіпкеріміз.
Қанаттың командасы бүгінге дейін бірнеше отандық компанияның қыз­мет­керлеріне дағдыларды жетілдіру бойынша курстар өткізіпті. Әдетте курс аяқталған соң үш айдан кейін компания басшылығы оларға хабарласып, ұйым­дағы оң өзгерістерді айтып, алғысын жаудырып жатады екен.
– Енді бір ұйымдарға біз ұсыныс ретінде қызметкерді жұмысқа аларда шетелдік ірі компаниялардың тәжіри­бесіндей, soft skills-ті анықтайтын әртүрлі сұрақтар қойып, ситуациялар беру керектігін айтамыз. Мысалы, «Тар­тылыс заңын алты жасар балаға қалай түсіндірер едіңіз?», «Басшы­ңыз­дың пікірімен келіспесеңіз, мұ­ны қа­лай жеткізесіз?», «Бірнеше дедлайн қа­тар келгенде, басымдықты қай­сы­сына қояр едіңіз?» деген секілді сұрақ­тар қою арқылы болашақ қыз­мет­кер­дің біраз дағдыларынан ха­бардар болуға бола­­ды, – деген кеңес айтты сарапшы.
Қанаттың сөзінше, балалардың конфликтілерді шеше білуі, шешім қабылдау сияқты дағдылары көбіне ата-аналарының тәжірибесіне қарай қалыптасады. Ал қарым-қатынас және креативтілік дағдыларын жетілдіру үшін үйірмелер мен лагерьдің пайдасы орасан. Сурет салу үйірмесіне барған бала бірден суретші болып кетпеуі мүмкін, бірақ ол үйірмеде мұғалімімен, өзге балалармен араласады, нашар су­рет салса, келесіде соны дұрыстауға, яғни проблеманы шешуге үйренеді, елесте­тіп сурет салу арқылы креа­тив­тілі­гін дамытады. Сондай-ақ маман үс­тел ойындарының, әсіресе, «Мо­нополия­ның» балалардың сыни ойлау қабілетін дамытуда пайдасы мол екенін айтады.

Азат ҚАЗАҚ