Павлодар облысы Ақсу қаласында 9 адам саунадағы хлордан уланды. Оның ішінде бесеуі бала. Бұл ақпаратты ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Байбәкіров растаған.
«24 тамызда сағат шамамен 21:00-де жедел жәрдем қызметіне Ақсу қаласындағы сауналардың бірінде адамдардың уланғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу барған дәрігерлер 3 балаға көмек көрсетіп, олар аурухана жатқызылды. Қалғандарының денсаулық жағдайы қалыпты. Бір тәуліктен кейін уланған 3 бала ауруханадан шығарылып, үйлеріне жіберілді. Дегенмен олар әзірге дәрігерлердің бақылауында болады.
Қазіргі уақытқа дейін белгілі болған мәлімет негізінде 3 отбасы, яғни 9 адам саунаға таныстарының туған күнін атап өтуге барған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, адамдар бассейндегі хлордан уланған.
Бұл жағдайға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тексеру жұмыстарын бастады», – деп мәлімдеді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Байбәкіров.