Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгінгі өткен ведомствоның алқа отырысында аймақтарға жұмыс сапары және халықпен кездесу, азаматтарды қабылдау және ведомствоға келіп түскен арыз-шағымдарды ескере отырып, медициналық көмек сапасының стандарттарын өрескел бұзатын бірқатар аймақ пен медициналық ұйымдардың жұмысын қатаң сынға алды.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында осындай 2,8 мың арыз-шағым түскен. Аталған фактілердің 30%-тен астамы расталған.
Министр алқа отырысында заң бұзушылық пен шағымға ең көп жол беретін өңірлер мен нақты медицина ұйымдарын атады.
Комитетке келіп түскен шағымдарды саралау нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы жағдайы мәз емес, «ең нашар» 6 аймақ белгілі болды. Олар: Павлодар, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Алматы қаласы.
Сондай-ақ министр Павлодар облысы №4 қалалық емхана, Алматы облысы Іле аудандық орталық ауруханасы, Алматы қаласындағы И.Жекенов атындағы Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасын, Маңғыстау облысындағы №1 және №2 қалалық емхана, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Салауатты Астана» ЖШС, «Шипагер» отбасылық денсаулық сақтау орталығы» және тағы да басқа медициналық ұйымдардың жұмысын қатаң сынға алды.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, аймақтарда лицензиясыз және сертификатсыз қызмет көрсету фактілері жиілеп кеткен. Мысалы, биылғы жылдың 1-жартыжылдығында аймақтарда лицензиясыз қызмет көрсетудің 706 фактісі тіркелген: 536 факт 42 Медциналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымында және 170 факт 32 стационарда тіркелді. Мұндай жайттар көбінесе Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында, Шымкент, Алматы қалаларында анықталған.
Ал ең көп сертификаты жоқ медицина қызметкері Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан, Алматы қаласынан анықталды.
Сөз соңында Денсаулық сақтау министрі халыққа медициналық көмек көрсету сапасын көтеруге ықпал етуші шараларды күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.