Ерболат Қасымов: Жақсылық жасап жарысайық!
Ерболат Қасымов: Жақсылық жасап жарысайық!
807
оқылды
«Айсұлтан» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, Алматы қалалық мәс­лихатының депутаты Ерболат Қасымовты алматылықтар түрлі қайырымдылық акцияның демеушісі ретінде таниды. Қаладағы кәсіпкерлерді қайырлы істің басы-қасынан табылуға үндеп жүретін азамат. «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке даярлайық!» акциясына да үлес қосып, 100 баланың мектеп формасынан бастап, спорттық киімі, кеңсе тауары, сөмкесіне дейінгілердің бәрін қамдап берді. Осы орайда Ерболат Болатұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Ерболат Болатұлы, осыдан бірер жыл бұрын кәсіпкерлердің арасында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету челленджін бастадыңыз. Осы игі бастамаңыз қалай жүзеге асып жатыр? Өзге кәсіпкерлер тарапынан қаншалықты қолдау тапты? – Өзіңіз де білесіз, пандемиядан кейін қаржылық қиындыққа ұшыраған отбасы­лардың саны көбейді. Сол кезде өзім секілді бизнес саласында жүрген азаматтарға жоға­ры­дағыдай ұсыныспен шықтым. Ондағы мақсатым, әлеуметтік жағдайы төмен отба­сыларды қамқорлыққа алып, мұқтаждар санатынан шығаруды ойладым. Бұл идеяны қаладағы өзге бизнесмендер де қолдады. Өзім алғашқы кезде үш отбасын қамқорлы­ғыма алдым. Оған кейін тағы алты отбасы қосылды. Қазір сол тоғыз отбасының сегізі­нің әлеуметтік жағдайы түзелді. – Оны қалай жүзеге асырдыңыздар? – Әуелі отбасылардың жағдайымен то­лық таныстық. Еңбекке жарамды мүшелерін өзімізге қарасты компанияларға жұмысқа алдық. Кейбір көпбалалы, жалғызбасты ана­ларға «Бақытты отбасы» бағдарлама­сымен баспана алуы үшін алғашқы жарнаны төлеуге көмектестік. Ары қарай ересек ұл-қыз­дарын жұмысқа орналастырып, өз күн­дерін өздері көріп кетуіне жағдай жасап бер­дік. Осылайша, бүгінде жоғарыда айтқа­нымдай, өз қамқорлығыма алған тоғыз отба­с­ының сегізі ешкімге алақан жаймайтын болды. – Сіз жылда «Мектепке жол» акциясына белсене қатысасыз. Естуімізше, биыл да «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында бірнеше отбасының балаларын мектепке дайындап­сыз? Осы игі істеріңіз жайлы кеңірек айтып берсеңіз? – Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңын­да әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға әртүрлі деңгейде шама-шарқымызша қолдау білдіреміз. Биыл да 100 баланың мектепке даярлануына демеушілік жасадық . Тағы бір айта кететін мәселе, аталған ак­циядан бөлек мен қаладағы бірнеше мек­тепке демеушілік жасап жүрмін. Қала аума­ғындағы алты мектептегі спорттық ойын алаң­­дарының құрылысын жүргізуге атсалыстым. Менің ойымша, балаға, білім беруге салынған қаржы еліміздің болашағына салып жатқан инвестиция деп есептеймін. Әрі барлық кәсіпкерді жақсылық жасап жарысуға шақырамын. – Негізгі қызметіңізден бөлек «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанын­дағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төрағасысыз. Бұл кеңестің шаруасы қалай болып жатыр? – Бұл кеңес қаладағы барлық мемлекет­тік және квазимемлекеттік мекемедегі жемқорлық тәуекелдерінің алдын алумен ай­налысады. Кеңес төрағалығын қолға алған үш ай ішінде қалалық әкімдіктің бір­неше басқармасына қатысты отырыстар өткіздік. Күзде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәселесін кеңестің күн тәртібіне қоямыз. Себебі осы басқармаға қатысты жемқорлық тәуекелдері жайлы жиі естіп жүрміз. Сондай-ақ қала әкімдігінің Білім басқармасы, қалалық Полиция де­партаменті, Мемлекеттік кірістер департа­менті, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты мекемелердің жұмысы назарда болады. – Сіз туралы әңгіме болғанда Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітап­ханасына өз қаржыңыздан жөндеу жұмыс­тарын жүргізгеніңіз айтылады. Біз де бұл тақырыпты айналып өте алмадық. Жалпы, осы идея қалай туды? – Бес жылдай бұрын сол кездегі қаланың мәдениет саласына жауапты бір топ азамат Ресейдің Санкт-Петербор қаласына барып дәл осыған ұқсас жобаны көріп келген екен. Келген соң маған әлгіндей жобаны Алматы кітап­ханаларының бірінде іске асыруға де­меушілік таныту туралы ұсыныспен шықты. Бір қызығы, болашақ жобаның дизай­нерлерін де сол Ресейден шақырыпты. Бірақ олар әзірлеген дизайн менің көңілімнен шық­пады. Кейіннен отандық дизайнерлерге жүгінеміз деп шештік. Нәтижесі көз алдыңызда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматы қаласына жасаған іс-сапарларында кітапханаға арнайы келіп көріп, ризашылығын білдірді. Қазір бұл жер қала жастарының сүйікті орнына айналды. Кітапхананы жөндеу жұмыстарына дейін мұнда келушілер саны күніне 60-70 адам болған. Қолда бар мәлімет бойынша, қазір кітапханаға орта есеппен тәулігіне 700 адам келеді екен. Биыл ғимараттың жөндеуден өткеніне 5 жыл толады. Әлі күнге дейін бір бұрышы құлап немесе қисайып сыр берген жоқ. Бұл да жұмыстың сапалы жасалғанын аңғартады. – Байқауымша, руханиятқа көбірек демеушілік жасағыңыз келіп тұратын сияқты. Мұның сыры неде? – Әлгінде әңгіме болған Жамбыл атын­дағы балалар мен жасөспірімдер кітапха­насын жөндеуден өткізуге 150 миллион тең­ге қаражат салдым. Сол ақшаны мұқтаж­дарға бағыттасақ, көп болса 4-5 отбасына пәтер алып беруге болар еді. Ал біз сонша қар­жымен мыңдаған жастың рухани қажет­тілігін өтеп, білім нәрімен сусындатып отыр­­мыз. Мұның сыртында қаншама адам­ның кітапқа махаббатының оянуына се­бепкер болдық. Одан соң былтыр қаладағы бір ғимаратқа 4,5 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тегін домбыра мектебін аштық. Қазір сол мектепте 200 бала домбыра үйре­ніп жүр. Олардың ішінен небір талантты ба­лалар шығарына сенемін. Ал сол қаржы­сын бір адамның әлеуметтік мәселесін шешіп, алғысын алуға да болар еді. Бірақ мен болашақ үшін маңызы бар жобаларға демеушілік жасауды дұрыс деп таптым. Бұл да елдің ертеңіне салған азды-көпті инвес­тициям болар деп ойлаймын. Мен кез келген мәселені шешуді түбірі­нен бастау принципін ұстанамын. Мәселен, балаға «көшеге қоқыс тастама» деп айту үшін алдымен жол бойына арнайы қоқыс жәшіктерін көптеп орнатуымыз керек. Сол секілді бүгінгі баланы лайықты азамат етіп тәрбиелеуді оған тиісті жағдай жасаудан бастағанымыз дұрыс. – Өзіңіз басшылық ететін «Айсұлтан» ЖШС немен айналысады? – Холдинг түрлі салада қызмет көрсете­тін бірнеше компанияның басын біріктіреді. Негізінен, тұрғын үй құрылысымен айналы­самыз. Оған қосымша құрылысқа қатысты отандық материалдар шығаратын зауыт ашқанбыз. Қазір құрылыс нысандарына өз зауытымыздан шыққан өнімдерді пайдала­нып жатырмыз. Холдингке қарасты компа­нияларда 300 адам жұмыс істейді. – Әңгімеңізге рақмет!

Алматы қаласы