Бір өзі 181 баланы мектепке дайындап берді
Бір өзі 181 баланы мектепке дайындап берді
3,486
оқылды
«Қайырымдылықтың қайыры бар» дейді дана қазақ. Мұқтаж жандарға аялы алақанның жылуын сезіндіріп, қол ұшын созу – сөз жоқ игі іс. Міне, сондай жомарт жан Жамбыл облысы Сарысу ауданының тумасы, өңірлік мәслихаттың депутаты, DVERI CITY ЖШС директоры Досбол Жылқыбаев «Мектепке жол» акциясы аясында 181 балаға көмек көр­сетті. Атап айтсақ, Досбол Мәлікомарұлы Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы, Абай орта мектебі, Абылайхан мектеп лицейі, Саудакент ауылындағы Б.Адамбаев тірек мектебі мен Б.Қаш­қынбаев орта мектебінің оқушыларына оқуға қажетті құрал-жабдық алып берген. Сондай-ақ Ұйым ауылындағы Ы.Сүлей­менов атындағы орта мектебі, Жаңаталап орта мектебі, Өн­діріс ауылындағы Ж.Отарбаев атындағы орта мектебі, Игілік ауылын­дағы Шоқай Датқа атындағы орта мектебі, Жайылма ауылындағы Әйтеке би атындағы орта мектебі, Маятас ауылындағы Донда Сенбин атындағы орта мектебі, Қызылдиқан орта мектебі, Арыстанды орта мектебі, Үшбас негізгі мектебі, Ә.Бүркітбаев ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектебі, Ақтоғай орта мектебі, Тоғызкент ауылындағы Түгіскен орта мектебі, Досбол ауылындағы Досбол орта мектебі, Шығанақ ауылындағы С.Сейфуллин орта мектебі, Қамқалы ауылындағы Т.Әубәкі­ров негізгі мектебі және Жайлаукөл орта мектебінің оқушыларын киіндірген. 181 балаға мектепке қажетті сөмке мен 19 түрлі оқу құралдарын сыйлаған меценатқа ата-аналар да, мектеп бас­шылығы да дән риза болып, алғыс­тарын жаудыруда. Жалпы, Досбол Мәлікомарұлы 1984 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Әшір Бүркітбаев ауылында дүниеге келген. 1990-2001 жылдары М.Әуезов атындағы орта мектепте білім алып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2008 жылы Қытайдың Бейжің, Гуанжоу, Шанхай қалаларында бастаса, кейін Мәс­кеу, Киев, Минсктегі бизнес ортамен байланыс орнатқан. 2009 жылдан бүгінгі күнге дейін DVERI CITY дүкендер желісінің құрылтайшысы ретінде осы халықаралық іскерлік әріптестікті үзбей келеді. Қазір компанияның дүкендері Қазақстанның алты қаласында табысты жұмыс жасауда. Сондай-ақ одан әрі кеңею үстінде. Досбол Мәлікомарұлы коронавирус пандемиясы кезінде «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы аясын­да ерікті ретінде халыққа жәрдемдескен. Одан бөлек Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жары­лыстан зардап шеккен тұр­ғын­дарға да көмек қолын созған. Мақтааралдықтарға жылу жинауда да алғы шептен табылып, жәр­демін аямаған. Жомарт жан жас спортшыларға қолдау көрсету, спорт жарыстарын ұйымдастыру, мешіт құ­ры­лысына және күрделі жөндеуіне қаржылай көмек беруде де көп­ке үлгі көрсетуде. Досбол жыл сайын Алматы қала­сының Мамыр мөлтекауданындағы №1 балалар үйі мен қарт­тар үйіне, «Қазақстандағы балалар үйлері түлектерінің қауымдастығына» және «Жастарға жол» қоғамдық қорына көмектесіп келеді. «Хабар» арнасының «Жұлдызды жекпе-жек» шоуында меценат ең жас қатысушыға бір миллион теңге көлемінде сыйақыға да таға­йын­даған. Одан бөлек Досбол Ал­маты қаласындағы әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыға үш бөлмелі пәтер алып берген. Міне, осылайша халықтың алғысын арқалаған азамат жас та болса, жомарттығымен көпке үлгі көрсетуде. Бұл – сөз жоқ, мақтауға лайық қолдау. Мұқтаж жандарға аялы алақан жылуын сездірген Досболдай азаматтар көп болсын деп тілейміз.

Жамбыл облысы