Елімізде алғаш рет 1 200 шақырымдық марафон-бәйге өтеді. Бұл жаңалықты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.
– Халқымыз үшін жылқының орны бөлек. «Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақ атамыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Қазақ даласында ежелгі Ботай қонысында жылқының қолға үйретілгені археологиялық қазбалар арқылы дәлелденді. Бүгінде әлем Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды. Осы орайда сол көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында жаңа жобаны қолға алдық, – дейді Дәурен Абаев.Министрдің айтуынша, бүгінде әлем елдері ат жарысының түр-түрін өткізеді. АҚШ-та, Еуропада, басқа да мемлекеттерде қысқа және ұзақ қашықтыққа арналған бәйге көп. Бірақ сол жарыстардың ішіндегі ең ұзақ қашықтық 160 шақырымнан аспайды екен. Соның бәрін саралай келе министрлік қашықтығы1 200 шақырымнан асатын «Ұлы дала жорығы» атты 12 күндік аламан жарыс, марафон-бәйге ұйымдастыруды қолға алып отыр. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, әлемде теңдесі жоқ марафон-бәйге. Сондай-ақ бұл аламан жай ғана ат жарысы емес. Қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік маршруттарды қалыптастыратын тың жоба болмақ. Дәурен Абаев марафон-бәйге бағытын таңдауда да ұзақ ойланғандарын айтады.
– Бұл егемен еліміздің тарихында ең ұзақ қашықтықтағы аламан болғандықтан, еңселі елордамыздан бастау алып, киелі Түркістан шаһарына қарай аттанғанын жөн көрдік. Марафоншылар мәреге 12 күн ішінде атпен жетуі тиіс. Осындай ұзақ жолға мойымаған шын мықтылар қомақты жүлдемен марапатталады. Марафон-бәйгеге әр өңірден бір-бір команда шақырамыз. 5 шабандоздан құралған командалардың әрқайсысы өз аймағының намысын қорғауы тиіс,– дейді министр.Жарысқа қатысу үшін qazanat.com сайтында өтінім қалдыру керек. Аламанның толық шарттары мен ережесі осы сайтта көрсетілген. Іріктеуден өткен 20 команда 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан «Ұлы дала жорығына» аттанады.
К.ЕСІМХАН