Төтенше махаббат
Төтенше махаббат
235
оқылды
 «Отанын сатқандар, шетелге қашқандар шеттерінен ұсталып жатыр!» – деп ойлап келе жатып, қаланың құбырлары өткен құдыққа түстім де кеттім. Сөйтсем, құдықтың қақпағы ұрланып кеткен екен ғой. «Қала әкімі тез жөнге келтірсе болады ғой!» – деп ойланып үлгергенімше, бір бойжеткен де ұялы телефонын қарап келе жатып, құдыққа құлап түсті. – Немене пәле болып кетті өзі? – деді ол. – Қарындас, құдыққа құлағаныңыз құтты болсын! – дедім мен. Екеуміз бір-бірімізге қарап, тар құдықта табысып, ғашықтардай жабысып тұрмыз. Бұрылуға болар емес. Бір жағы рахат, бақыттымын, бірақ сирағым қышып кетіп еді, қаси алмайды екенмін. – Мұнда сиырдың жапасындай болып, неғып отырсыз? – деп сұрады ол. – Жәй, күн ыстық, салқындап. – Сіз пе–педофиль емессіз бе? – Жоқ, педагогпын. – Бүгінде педофильдер көп, сізден қорқып отырмын. – Мен де қорқып отырмын, тістеп ала ма деп. – Құтқарыңдааар! Мені зорлайын деп жатыыыр!–деп айқайлады ол. Менде ұялы телефон жоқ, бойжет­кеннің ұялы телефонының қуаты бітіп қалыпты. – Айқайламаңыз, мәслихат депутаттарын оятасыз! – Кене сияқты жабыса бермей, ары тұрыңызшы! – Тар құдықтың ішінде қалай ары тұрамын? – Түкірігіңіз фонтан сияқты екен, ары қарап сөйлеңізші. – Сіз пысылдай бермеңіз! – Қолыңызды ары тартыңыз деймін, бүйірімді тесіп барады! – Қолымды кесіп тастайын ба? Одан да беліңізден құшақтайын? – Несін сұрайсыз? Құшақтап тұрсыз ғой? Құлап қалатындай. – Атыңыз кім? – Тауықбике, –деп кекетті қарындас. – Қоразбай, –дей салдым мен. – Туу ағай, пысынап кеттім, тізерлеп отырайықшы, – деген соң, екеуміз тізерлеп, әрең отырдық. Бір кезде бойжеткен: – Қарным ашты, – деді. – Пакетімде донер, бургер бар еді, –деген мен әрең дегенде донерді алып, қызға ұсындым. – Кафеде отырмыз ба, не? – Ия «Құдық» деген кафеде. Шіркін, осындай тек адам тігінен тұратындай болса да, пәтерім болса ғой! – Оның несі қызық? Үйленген соң, қалай ұйықтайсыз? – Түрегеп ұйықтаймыз. Жеңіз. – Рахмет, тойдым. Сіз неге жемей отырсыз? – Бұл жерде дәретхана жоқ, – дедім мен. – Туу ағай. тізеңіз батып кетті, тұрайықшы? – деді бойжеткен. Екеуміз әрең дегенде, орнымыздан тұрдық. Мен қыздың көзіне қадала қарап, махаббат толқындарын жібердім. Бойжеткеннің де жүрегі жылып, екі беті помидор болды. – Басыңыз бос па? – деп сұрадым мен. – Басымда бір кесе миым бар. – Танысып жатырмыз, қуанбайсыз ба? – Жігітім бар, –дегені сол, біреу төбемізден төніп: – Айбала, неғып отырсың? – деп сұрады. – Кафеде кофе ішіп отырмын! – деп ызалы жауап берді бойжеткен. – Анауың кім? – Даяшы. – Әй, официант, менің қалыңдығымды құшақтап отырғаның қалай? Кет былай! –деген ол жынданып кетті. Сосын, бір ұзын таяқ тауып алып, қалыңдығын құдықтан шығара бергенде, қарап отырамын ба, қыздың белінен қытықтадым. Ол сықылықтап күліп, шыға бергенде, енді шыға бергенде құлап түсті. Тағы шыға беріп еді, тағы қытықтадым.Тағы құлап түсті. Сол ортада жігітінің де құдыққа құлап түскені! Баяғы рахат қайда кетті ойбай, семіз жігіт екен, үшеуміз қанар қапшыққа қапталғандай, тыпыр ете қалмай қалдық. Жігіті мені құшақтап алыпты. Аузынан сыраның исі шығады. Үшеуміз бірден: – «Құтқарыңдааар!» – деп айқайладық. Кешікпей, төтеншеліктер құтқаруға келіп, құдықтан суырып алды. Басым салбырап кетіп бара жатқанмын, біреу жүгіріп келіп, қолтықтай алғаны. Қарасам, Айбала! О, құдыреті күшті төтенше махаббат! Құдай өзің жар бола гөр! Махаббатқа мас болып бара жатып, тағы бір құдыққа құлап түстік! Сонда да, біз бақыттымыз! Кешіріңіз, қымбатты оқушым, дәл осындай оқиға болса, мұрнымды кесіп берейін! Бірақ, осыған ұқсас, төтенше махаббат оқиғасы Қызылорда облысында болды ғой! Сенбейсіз бе, не? Ия, Қызылорда облысында үш баласы мен күйеуі бар Ақерке есімді әйел аңқау жігітпен төтенше махаббатын тұтандырып, қалың мал бизнесін жасады! Естігенде, етпетімізден түсе жаздадық! Адамның миына кірмейтін нәрсе жоқ па деп қалдым! Не деген данышпан әйел еді! Күн көрістің қамын төтенше махаббатпен қалай қана қиюластырған десеңізші! Оған қалада ескерткіш қою керек қой! Ал, қалың малын арқалап, Қазалыдан Аралға барған жаңа құдалар алаяқ келіннің арсыз, бетсіз екенін біліп, сан соғып қалған көрінеді. Өтірік күйеуге тиіп, артынан қалың малын әкелген соң, сиқыршыдай «жоқ болып» кететін келін тек Ақерке ғана емес. Осындай сценариймен ақша тауып жүрген топ Түркістан мен Қызылорда облысында бар екені рас. Олай болса, төтенше махаббаттан абай болыңыздар!

Мұхтар ШЕРІМ