Сбердің саудасы: суға кеткенге тал қармату ма?
Сбердің саудасы: суға кеткенге тал қармату ма?
© коллаж: Елдар Қаба
414
оқылды
Үкімет кезекті рет дәрменсіз жағдайдағы банкті құтқарды. Бі­рақ бұл жолғы қадамында үл­­кен гәп бар: отандық емес, ре­сей­лік банкке ел қаржысын төгіп отыр. Осы аптада мемлекеттік «Бәй­те­рек» холдингі мен «Сбер­банк» то­бы «Сбер­банк Қазақстан» ак­ция­ларының толық пакетін сатып алу-сату мәмілесіне қол қойды. Үкіметтің банкрот қарса­ңындағы банкті қаншаға сатып алғаны жария етілмеді. Ал са­рап­шылар мұның не үшін қажет болғанына бас қатыруда. Себебі сала дамы­ған: елде жалғыз емес, жиыр­мадан астам банк бар. Құзға құлағанды ұлықтағаны несі? «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі «Сбер» тобымен оның Қазақстандағы еншілес банкін сатып алу жөніндегі мәміле бекіткені 23 тамызда постфактум жария етілді. Бұған дейін түсініктеме беруден жалтарып келген. Яғни, мәміленің шарт­тары қоғамдық талқылауға шығарылмады. Халық қаржысын шашқан холдинг сол халықтың ақ батасын алмады. Оның үстіне, мәміленің егжей-тегжейін де жасырып қалды. Бұл ретте батыс санкцияларына іліккен және SWIFT халықаралық, банк­аралық төлемдерді жасау және ақпарат беру жүйесінен ажыратып тасталған «Сбербанк Қазақстанның» банкрот алдында тұрғанын холдинг мойындамай, жоққа шығаруға тырысты.
– «Сбербанк» қазіргі геосаяси жағдайды басшылыққа алып және еншілес банк клиенттерінің мүддесі үшін әрекет ете келе, қазақстандық нарықтан шығуға шешім қабылдады. «Сбербанк Қазақстан» өтім­діліктің жеткілікті қорына ие, кредиттік қоржыны жоғары сапалы. Ол көп жыл Қазақстанның қаржы нарығының негізгі қатысушыларының бірі саналады, – деп қол-аяғын жерге тигізбей мақтады холдинг.
Алтыннан қымбат, асылдан жоғары банк болса, неге онда Ресей Үкіметі мен ак­ционерлері одан шұғыл түрде құтылуға ұмтылды? Жалпы, холдингтің оптимизмі «Сбердің» мәлімдемелеріне қайшы. Ресей әскерінің Украинаға басып кі­руі­не байланысты АҚШ Мәскеуді жазалап, РФ-ның ең ірі қаржылық ұйымы саналатын «Сбербанкке» қарсы биылғы 6 сәуірде санкциялар енгізді. Оған сәйкес, банктің Америкадағы барлық активі бұғатталды. Азаматтарына бұл банкпен қандай да бір операция жүргізуге тыйым салды. Құрама Штаттардың санкциялық «қара тізіміне» «Сбер» тобының көптеген компаниясы, соның ішінде Қазақстан, Украина, Бела­русьтегі еншілес банктері, Sberbank Europe AG кіргізілді. Соңғысын еуропалық билік толық банкроттау туралы шешім қабылдады. Өзге елдердегі құрылымдары да жабылып тынды. Тек Қазақстан Үкіметі ғана қолұшын созуды ұйғарды. Жалпы, қазақстандық банктің ахуалы нашар екенін «Сбербанк» аға вице-прези­денті, Sberbank International блогының бас­шысы Тимур Козинцев күрсіне жария ет­кен-тін. Оның мәлімдемесін ресейлік Interfax басты.
«Санкциялар кесірінен қазақстандық «Сбербанктің» активтері 2 еседен астамға құлдырады. Соңғы екі жылда ғаламат жұ­мыс жүргіздік, активтерді екі еседен астамға ұлғайта алдық. Алайда санкция енгізілуі салдарынан біздің активтер небәрі 2 ай ішінде 2 еседен астамға бір-ақ құлады. Іс жүзінде біз екі айда соңғы екі жылдағы жетістіктерімізден айырылдық», – деген еді «Сбербанктің» аға вице-президенті.
2 жыл жиғанын 2 айда төккен банк Холдингтің «Сбербанктің» кредиттік қоржыны жоғары сапалы» деген мақтауы шындыққа сай келмейтінін мемлекеттің ресми мәліметтері де көрсетті. Биылғы жар­тыжылдықта банктердегі қайтарылмайтын қарыздардың көлемі тағы 100 млрд теңгеге өсіп шыға келген. Ұлттық банктің дере­гінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бо­йынша төлемінің кешіктірілгеніне 90 күн­нен асып кеткен кредиттердің жалпы со­масы 769,7 млрд теңгеге жетті. Сөйтіп, жыл басынан, 2022 жылғы 1 қаңтардағыдан 100,8 млрд теңгеге немесе 15 пайызға артып шыға келген. Бұған ең көп үлес қосқандардың алғашқы бестігіне ресейлік үш банк енді. Атап айтқанда, «Сбербанк Қазақстанның» төлемі доғарылған кредиттерінің сомасы 96 млрд теңгеден асты, ал залалды заемдардың жалпы көлемдегі үлесі – 6,46 пайызға дейін ұлғайды. «ВТБ Банкте» қайтарылмайтын қарыз – 9,8 млрд теңгені, үлесі – 8,4 пайызды, Eco Center Bank-те (бұрынғы «Альфа-банк») – 13 млрд теңгені, үлесі 8,37 пайызды құрады. Салыстыра кетсек, Jusan Bank-тен (11,24 пайыз) басқа отандық жетекші банктерде төлемі тоқтатылғанына үш айдан ұзаған несиелердің үлесі 4–5 пайыздан аспайды. Бұл ретте АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Сберге мәмілелерді аяқтауға қо­сым­ша уақыт, яғни тағы үш ай бөлді: «Сбер­банк Қазақстанды» сату мәмілелері қазан айына дейін аяқталуы шарт. Осылайша, «Сбербанк Қазақстан» 2022 жылғы 11 қа­занға дейін ғана қалыпты жұмыс істей ала­тын. Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, OFAC 11 шілдеде банкке тиісті лицензия берді. Яғни, «Сбер» Қазақстандағы банкін осы мерзімге дейін сата алмағанда, ол бан­крот болатын еді. Қаржылық реттеу агент­ті­гінің түсіндіруінше, 11 қазаннан ке­йін «Сбер­­банк Қазақстан» штаттық режимді жұ­мыс істей алмай қала­тын, клиенттерінің тө­лем операциялары, аударымдары өтпейтін. Әйткенмен, Jusan Bank, Forte Bank сияқты қазақстандық өзге банктер қазанды күтпей-ақ, «Сбербанк» клиенттерінен тең­гедегі төлемдер мен аударымдарды қабыл­даудан бас тартты. Валютадағы аударымдар бұдан көп бұрын тоқтатылған-тын. Сатып алды, не ұтты? «Бәйтерек» холдингі дәрменсіз банкті неге сатып алғанын жете түсіндірмеді. Жал­пы сөздермен шектелді. Ондағы айтылғаны: «Сбербанк Қазақстан» ұзақ жыл бойы отан­дық қаржы нарығының басты бір қатысушы болды. Сондықтан ол қаржы жүйесі үшін жоғары мән-маңызға ие.
«Сбербанк Қазақстанды» сатып алу туралы шешім қабылдағанда «Бәйтерек» холдингі оның елдің қаржы жүйесі үшін жоғары маңыздылығын бағалады. Банк меншігіндегі қазіргі заманғы инфрақұрылым мен технологиялар қысқа мерзімде банкті толыққанды жұмысқа қайтаруға және Қа­зақстан экономикасының нақты секторын қаржыландыруды бастауға мүмкіндік бе­реді. Банк өзінің клиенттер алдындағы бар­­лық міндеттемесін орындауды жалғас­тырады. Клиенттері үшін банк өнімдері бойынша барлық шарт өзгеріссіз қала­ды», – деп мәлім етті «Бәйтерек» холдингі.
«Бәйтеректің» мәліметінше, мәміле банк­ке операцияларды толық көлемде жа­ңартуға, төлемдер жүргізуге, сондай-ақ ха­лық пен бизнес үшін өнімдер мен қыз­меттерді дамытуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Холдинг тіпті «Сбер» брендін де өз­гертпеуге ниетті. Тиісінше, «Сбербанк Қа­зақстан» таяу арада халықтан қайтадан депозиттер тарта бастамақ. Дегенмен жуырда ғана дәл 90-шы жылдардағыдай «Сбер­банк­тен» жинағын ала алмай, ұзын-сонар кезекте уақытын сарп етіп, жүйкесін жұқарт­қан жұртшылық оған кері орала қояр ма екен? Бұл жерде холдинг «Сбербанк Қазақ­станның» персоналын да сақтап қалмақ: «Қазақстан нарығында клиенттермен өзара іс-қимылдың 15 жылдан астам тәжірибесі жинақталған қызметкерлерінің кәсіби командасы өз жұмысын жалғастыратын болады. Тараптар мәмілені жақын арада жабуды жоспарлады». Бірақ холдингтің бұл жалтарма, жуып-шайма түсініктемесі сарапшылар мен жур­налистер түгіл, былайғы жұртты да қана­ғат­тандырмаса керек. Себебі өз саласы үшін жоғарғы мән-маңызға ие болған, салмақты орын иеленген қаншама кәсіпорын-ком­па­ниялар жабылып қалуда, Үкімет оларға көмекке келген жоқ. Сонымен бірге Қа­зақстанда мемлекетке жекеменшік банкті сатып алуға тыйым салынған болатын, ол тыйым осы «Сбер» үшін жойылды: 23 маусымда «Ашық НҚА» порталында Үкімет қаулысының жобасы жарияланды. Онда әлеуметтік шиеленістің туындау қаупін азайту үшін «Бәйтеректің» «Сбербанк Қа­зақстанды» сатып алатыны жазылды. Экономист Марат Ерғозин бұған «Сбер­банктің» шектен тыс тамыр жайып кеткені ықпал етті деген пікір білдірді:
«Агрессивті маркетинг арқасында «Сбер» тез арада қазақстандық банктерді артқа тастап, №2 орынға көтерілді. Әсіресе, солтүстік, шығыс, батыс жәны басқа облыс­тардағы бірқатар ауданда банк басқаларды ысырып шығарды. Тіпті, мақтанышымыз Kaspi банк те филиалдарын жапқан. Содан егер «Сбербанк» жабылып қалғанда, ол ау­дандар тосыннан банк қызметінсіз қалып, дүрбелең туындауы мүмкін еді. «Бәйте­ректің» өзі бұл әлеуметтік кернеуді бол­дырмау үшін қажет дегенге келтірді. Мұның сыртында «Сбердің» «тегеурініне» көніп, көптеген мемлекеттік мекемелер соның қызметіне толық көшкен, миллиардтаған бюджет қаражаттары сонда ұсталған. Олар­ды жоғалту қаупі төнетін еді. Сол себепті Үкімет оны сатып алған оңай деп ұйғарған сыңайлы», – деді сарапшы.
Қаржыгер Мұрат Темірханов «Сбер­банкті» сатып алу Жаңа Қазақстанда мем­лекеттің экономикаға араласуын күрт қыс­қарту саясатына қайшы келетініне назар аудартады. Сондықтан алда «Бәйтерек» оны саудаға қоюы немесе отандық банктердің біріне қосуы мүмкін. Себебі холдинг әлі күнге дейін бұл банкті ары қарай қалай пай­даланатынын, перспектикасына қатысты көзқарасын да жария етпеді. Экономист Арман Байғанов Azattyq Rýhy-на берген сұхбатында мемлекеттің бұл банкті амалсыздан сатып алғанын айтты: ол банкрот болғанда, бірде бір операцияны орын­дай алмай, кредит алғандар, депозит салғандар қиындыққа кезігер еді. Онда барлық проблеманы мемлекетке шешуге тура келеді. Ал «Бәйтерек» сатып алған соң санкциядан арылған «Сбербанк» бұрынғы жұмысын жалғастырады, өз клиенттеріне өзі қызмет көрсетеді. Осы арқылы салым­шылар – халық, отандық бизнес және мем­лекеттік компаниялар құтқарылады. Қалай болғанда да, сарапшылар пікірі екіге жарылды. Банкрот болатын банктерді ел қаржысына құтқару әдетіне Үкіметтің қайта оралғаны қынжылтады. Дамыған елдерде бір банктің нарықта шектен тыс үстем жағдай иеленбеуін құзырлы органдар қадағалап отырады. Ал Қазақстанда банк секторы олигополияландырылған: бүкіл сектор активтерінің шамамен 66 пайызын бар-жоғы 5 банк астына басты. Олардың сапына «Бәйтерек» қосылмақ.