Баршаға мәлім, маусым айында ел тарихында 27 жылдан соң жаңадан референдум өтіп, Ата Заңымыздың үштен біріне демократиялық өзгерістер енді. Еліміздегі саяси-құқықтық құбылыстарға әлем де көз тігіп отыр. Өйткені Қазақстандағы тарихи оқиғалар өңірдің геосаяси мозаикасына адам құқы мен бостандықтарының бір жауһарын қадамақ.Референдум – халық ерік-жігерінің айнасы
Осылайша, Қазақстан қалыптасу кезеңінің бір белесін артқа тастап, даму даңғылына бет түзеді. Бұл даңғыл осыдан ширек ғасырдан сәл көп уақыт бұрынғыдай тағы да бүкілхалықтық референдумнан басталды. 1995 жылы дәл осы күні жаңа Конституцияның жобасы қабылданып, содан бері 30 тамыз дәстүрлі түрде Қазақстанда Конституция күні ретінде аталып өтіп келеді. Енді биылғы мереке де еліміздің Ата Заңына түзетулер бойынша табысты өткізілген референдум аясында ерекше маңызға ие болып отыр.
Орталық референдум комиссиясының деректеріне сүйенсек, 5 маусымда ел Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдумда дауыс беруге барлығы 7 985 769 қазақстандық қатысқан екен. Ол сайлаушылардың 68,05% пайызын құрайды. Соның ішінде олардың 77,18 пайызы немесе 6 163 516 адам жоғары жауапкершілік пен патриотизм танытып, өзгерістерді қолдап дауыс берді. Референдум қазақстандықтардың мемлекеттің саяси архитектурасын қайта қалыптастыру, билік тармақтары арасында тежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйе құру жөніндегі мемлекеттің дамуының жаңа бағытын қолдайтынын, жаңа, әділетті Қазақстанды құрудағы ауызбіршілігін көрсетті. Оның нәтижесі саяси жаңарудың жарқын символына айналды десек болады. Ел Конституциясына түзетулер енгізу бойынша референдум суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді бекітті.
«Халықтың артық насихатсыз-ақ референдумға белсене қатысуы – қоғамның осы өзгерістерді ұзақ жылдардан бері күткенін көрсетеді. Осы ретте реформалық бетбұрыстар Қаңтар оқиғасынан кейін басталды деген жаңсақ пікір бар. Шындығында да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай жұмыстарды оған дейін жүргізгенін айта кету керек. 2020 жылы «Бейбіт шерулер өткізу туралы» заңның қабылдануы соның бір мысалы. Тек өңірлердегі жергілікті билік өкілдерінің оның орындалуына, азаматтық қоғамның дамуына жасанды кедергілер келтіріп жатқан тұстар бар. Әйтсе де, елімізде шеруге шығу мәдениеті қалыптасып келе жатыр деп ойлаймын.
Ал референдумда 30-дан астам өзгеріс қабылданды. Соның ішінде ерекше тоқтала кеткім келетіні – суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге көшу талабы. Шындығына келгенде, соңғы жылдары әр деңгейдегі мемлекеттік жауапты қызметкерлер арасында жалтақтық, жауапкершіліктен қашу кең қанат жайғаны белгілі. Бұл үрдісті жою үшін қайта енгізілген президенттік жүйе биліктің барлық институтының неғұрлым тиімді моделін қалыптастыруға, билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған», – дейді Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай.
Мемлекет басшысының Конституциялық реформа жолында 16 наурыздағы Жолдауда бұған дейін мәлім еткен міндет-мақсаттарының қай-қайсысы да кезең-кезеңімен бұлжымай жүзеге асып келеді. Мәселен, 5 маусымда бүкілхалықтық референдум өтті. Қоғамдық талқылауға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Сайлау туралы» жаңа заңдардың жобалары шығарылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен мәслихаттарға әкім лауазымына кандидатураларды келісу жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының әкімдері тағайындалды. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Қазақстан халқының меншігі ретінде Конституцияның Жер туралы 6-бабын жүзеге асыруға атсалысып жүр. Құрылғаннан бергі үш ай ішінде мемлекетке 300 мың гектардан астам жер қайтарылды. Алғаш рет Президент бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың отырысы өтті. Отырыс барысында еліміздің барлық өңірінен келген қоғам белсенділері мемлекеттік және қоғамдық дамудың түрлі мәселесі талқыланды.
Революциялық эволюция
Конституция күні – қазақстандық қоғамды тәуелсіздік құндылықтары айналасына топтастыруға, Жаңа, әділ Қазақстан құру идеясына азаматтық жауапкершілік сезімін нығайтуға және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етуі тиіс мереке. Өйткені қолға алынып жатқан кешенді шаралардан бұл реформалардың бастауы ғана екенін түсінудің қиыны жоқ. Мәселен, суперпрезиденттік жүйе жойылды, Президентке және жекелеген лауазымды тұлғаларға саяси партиялар қатарына енуге тыйым салынды, Президенттің жақын туған-туыстарына мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда жетекшілік қызметтер атқаруға шектеу қойылды. Парламент пен оның палаталарының рөлі күшейтіліп, Мәжіліс депутаттарының бір бөлігін сәйкес округтеріне қарай тікелей халық сайлайтын болады. Облыстық деңгейдегі әкімдерді сайлау элементтері енгізілді. Есеп комитеті Жоғарғы аудиторлық палатаға айналдырылды. Парламенттің бюджетті қадағалау функциясы күшейтілді. Конституциялық Сот құрылуда. Елде адал және ашық саяси бәсекелестік қамтамасыз етілуде. Омбудсмен институты нығайтылмақ. Одан да өзге көптеген жаңалық бар.
«Мен біздегі болып өткен Конституциялық реформалардың революциялық сипатына тоқталғым келіп отыр. Ол сондай-ақ халық тарапынан өте үлкен қолдау тапты. Президенттің 16 наурыз күнгі Жолдауында көтерген бастамасы толығымен жүзеге асты. Өз басым заңгер ретінде екі нәрсеге назар аудартқым келеді. Оның біріншісі – біздің 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциялық тәжірибенің қайнар бастауына оралғанымыз. Онда биліктің бір адамның қолында шоғырлануына жол берілмейтіні айтылған. Жылдар бойы қалыптасқан мұндай жүйені де, ол туралы ұғымды да біз жоя алдық. Ондай нормалар Конституцияға өзгеріс болып енгізілгеннен кейін орындалуы үшін өзге нормалар сияқты қосымша заң қабылдауды талап етпейтін экстраординарлы ретте шұғыл түрде жүзеге асты. Әрі ол дамытушылық емес, тыйым салушылық сипатқа ие болды. Екінші ерекшелік – жаңа Конституцияның модельдеуші күшке ие екені. Яки, ол дамыту, қозғау салу, реттеу сипаты. Сайлау туралы, Конституциялық Сот құру туралы және тағы да басқа бастамалар соның айғағы», – дейді Конституцияға түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар жасап шығару бойынша жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасілов.
Халықаралық сарапшылар қауымдастығы да Конституциялық өзгерістерге демократиялық және құқықтық мемлекеттің озық стандарттарына лайық екені жөнінде оң баға беріп отыр. Бір мемлекет бізден үлгі алып жатса, екінші бірі өздерінде өткен тәжірибемен бөлісіп, өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады.
«Конституциялық Сот туралы заңнаманы дайындау барысында бірқатар мәселеге назар аудартқым келеді. Нақтырақ, біздің Польшаның жағдайындағы өкінішті жағдайдан сабақ алуға шақырамын. Конституциялық қадағалау практикасын енгізудің өте маңызды екені екібастан. Бірақ мәселе оны жүзеге асыруда жатыр.
Біріншіден, Конституциялық Сотты құруда ол іс жүзінде елдегі саяси биліктен мүлдем тәуелсіз болуы тиіс. Судьялардың өз шешімдерінде тек құқықтық дәйектемелер мен өзінің ар-ожданын басшылыққа алатынына кепілдік берілуі керек. Мұнда саяси мүдделер араласпауы қажет. Польшада дәл осы мәселеде бірізділік жоқ. 2015-2016 жылдардан бері қарай біздің еліміздегі Конституциялық Сот тоқырай бастады. Бізде Конституциялық Соттың судьялары 1 рет 9 жылдық мерзімге сайланады. Оларды көп дауыс беру арқылы Сейм (Парламент) сайлайды. Бұл нені білдіреді? Бұл - басым дауыста парламентке өткен фракциялар басқа саяси күштермен ымыра іздеуді қажет етпей-ақ, өзінің саяси мүддесіне сәйкес келетін адамды сайлай алады деген сөз. Ал Қазақстанның Конституциясында бұл ескерілген. Судьяларды сәйкес пропорцияда Президент және Парламенттің палаталары тағайындайды. Бұл соттар құрамында қажетті балансты сақтауға мүмкіндік береді. Бірақ, менің ойымша судьяларды саяси мүдделерден тәуелсіз қалуына жеткілікті деңгейде кепіл бола алмайды. Сондықтан да осы тұсты жетілдіру қажет», – дейді Оснабрюк университетінің профессоры (Германия), құқық докторы, Ягеллон университетінің профессоры (Польша) Фредерик Цоль.
Биыл Өзбекстан мемлекеті де Конституциялық реформалар қарсаңында тұр екен. Мамыр айында Парламент палаталары қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта 47 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылыпты. Олар әлемнің 100-ден астам елінің тәжірибелерін зерттеген екен. Соның ішінде Қазақстан тәжірибесіне үлкен мән беріп отыр.
«Бұл тұрғыда біз негізгі үш бағытты нығайта түсу мақсатын таңдап алып отырмыз. Олар – «Тұлға», «Қоғам», «Мемлекет» позициялары. Яки, Конституциялық реформаның ең әуелгі күн тәртібіне адам құқығы мен бостандығы еніп отыр. Соның ішінде Ата Заңымыздың 60-тан астам бабына өзгеріс енгізу көзделуде. Ата Заң деңгейінде «Хабеас корпус» және «Миранда ережесі» сынды маңызды институттарға кепілдік берілмек. Одан басқа, ақпараттық құқық, интернетке деген құқық, қолайлы қоршаған орта қалыптастыру сынды адам құқықтарының жаңа түрлері бекітілмек. Дәл қазір бұл мәселелер БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының Адам құқықтары жөніндегі кеңес аясында да қатты талқыланып жатыр. Осы реформалар барысында біз Қазақстанның тәжірибесін терең зерделеп, түйінді шешімдер қабылдағалы отырмыз. Алдағы қыркүйек-қазан айларында осы өзгерістерді кең көлемде талқылайтын боламыз. Сол талқылауларға қазақстандық әріптестерімізді де шақырамын», – дейді Өзбекстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық директорының бірінші орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Мирзатилло Тиллабаев.
Енді елімізде конституциялық реформамен қамтылған және белсенді түрде ілгерілетуді қажет ететін 20-ға жуық заң жобасының қабылдануы күтілуде. 16 маусымда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Парламенттің күзгі сессиясының басталуымен негізгі заң жобалары жыл соңына дейін қабылдануы тиіс деп мәлімдеген болатын. Олар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң, «Прокуратура туралы» конституциялық заң. Одан да өзге ішінара түзетулер мен толықтырулар күткен заңнамалар жетерлік. Мұның барлығы да ел игілігі үшін, қоғам ізгілігі үшін жасалуда.
«Мемлекетіміздің дамуы Конституция негізінде, оның әрбір әрпі мен рухына сәйкес жүзеге асуда. Биыл Конституцияға өзгерістер енгізу бастамаларымен ерекшеленді. Оның маңызына одан асыра баға беру мүмкін емес. Бұл жаңашылдықтар Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асырудың іргетасы болып қаланды» деп айтуға толық Конституциялық хақымыз бар!