Жамбыл облысында 7 және 9 жастағы ұл балалар әкесіне бармақ болып үйден қашып кеткен. Балалар көрші ауылға жүк пойызының үстіне мініп жетпек болған. Алайда қатты жүріп бара жатқан пойыздан қорқып, секіріп түскен. Қазір балалар ауруханада жатыр.
Тиісті ведомствоның хабарлауынша, 29 тамыз кешкі 22.40-та көлік полицейлеріне Жамбыл облысында тұратын 53 жастағы шопаннан хабарлама келіп түскен. Ер адам Тамды-Талас аралығында жүк пойызының вагондарының үстінен кәмелетке толмаған екі баланы байқағанын айтқан. Хабарламаны алған полицейлер дереу іздеуге кіріскен.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 40 минут ішінде 9 жасар баланы Билікөл ауылының маңынан, ал оның 7 жасар інісін Жұма ауылы маңындағы теміржол жанынан тапты. Балалар Талас аудандық орталық ауруханасына жатқызылды», - делінген хабарламада.
Тексеру барысында балалардың Қаратау қаласында анасымен бірге тұратыны анықталған.
«29 тамыз күні олар Жамбыл облысы Тамды ауылындағы әжесіне қонаққа барған. Қараусыз қалған балалар көрші ауылда тұратын әкесіне баруды ұйғарған. Ата-анасы ажырасып кеткен. Балалар Тамды стансасында тоқтап тұрған жүк пойызының соңғы вагонына шығып алған. Жолда жүк пойызы жылдамдық ала бергенде, балалар қорқып, Жұма стансасы маңында секіріп түсіп қалған», - дейді ведомство қызметкерлері.
Қазір аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігі (Теміржол қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.