«Тамырды кестім, тағдырды «шештім» – суицидке қадам басқандардың үрейлі қоңырауы
«Тамырды кестім, тағдырды «шештім» – суицидке қадам басқандардың үрейлі қоңырауы
Бүгінде өзіне-өзі қол салып, суицид жасап, өмірімен қоштасып жатқандардың саны күннен-күнге өсіп келеді. Тіпті, қазір өзінің ғана емес, бала-шағасының да өмірін қиып жатқандар белең алуда. Осындай жағдайды естігенде «оны бұл қадамға не итермеледі?», «не түрткі болды?» деген сан сауал ойға оралады. Қаншасы жауапсыз қалып жатыр. Осындайда көбіне көмекке сенім телефоны келеді. Әсіресе, пандемия кезінде хабарласып, көмек сұрағандар саны арта түскен. Сол үрдіс әлі де бар. Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының одағы 2007 жылдан бері үзіліссіз істейтін «150» нөмірлі сенім телефонын қосты. Оған хабарласатындар көп пе? «Күніне қанша адам хабарласады, қандай мәселемен, не айтады, кімге көмегі тиді?» деген сұрақтарға психолог-операторлардың жетекшісі Айгүл Рахметова жауап берді. сенім телефоны – Адам жаны қиналғанда, тығырыққа тірелгенде, күйзеліске түскенде сенім телефонына, яғни сіздермен байланысатыны белгілі. Дегенмен негізі қандай мәселемен көбірек хабарласады? – Расымен, бізге тығырыққа тіреліп, шығар жол таппай, үміті үзілген жандар көп хабарласады. Кейбірі жақындарының түсінбейтініне күйінсе, енді бірі өмірінің мәнісін жоғалтқанын не болмаса зардап шеккенін, құрбан болғанын айтады. Арасында балаларының өміріне алаңдаған ата-аналар хабарласып, көмек сұрайды. Сол секілді әке-шешесінің шектен тыс қорғауынан шаршаған, бақылауынан жібермеуін сөз еткен балалар да қоңырау шалады. Жасы келген қарттар да, жалғызбасты қариялар да жиі хабарласады. Олар іштегі уайымымен бөлісіп, қолдаушысы барын сезініп, бірауыз жылы сөз естігісі келеді. Негізі түсетін қоңыраудың басым бөлігі – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты. Әсіресе, отбасындағы зорлық-зомбылыққа әйел мен балалар жиі ұшырайды. Оның ішінде ұрып, соққыға жыққаны былай тұрсын, психологиялық, тіпті күш көрсетіп, зорлаған жағдайлар бар. Шынын айтқанда, көбісі іштегі уайым-қайғысын айтып, сырымен бөліскісі келеді. Біз олардың мұң-мұқтажын тыңдай отырып, тығырықтан шығар жолды көрсетіп, сабырға шақырып, жағдайды барынша бақылауға алуға тырысамыз. – Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қоңыраудың көп түсетінін айтып қалдыңыз. Елдің сөзіне қалуға қорқып, күйеуінің зәбіріне шыдап жүре беретін қыз-келіншектер қаншама... Соларды өзін-өзі қорғауға шақыру, жігерін ояту қаншалықты ауыр? – Жылдар бойы зәбір көріп, оған көндіккен адам ең әуелі қапасқа түскендей сезінеді. Олар ішіндегі қорқынышын айтпақ түгілі, өзге біреуден көмек сұраудан қорқып, үркіп қалған. Қиналғанда бізге хабарласуының өзі – батылдығының жеткені. Сол себепті біз алдымен оны тыңдау, әңгімеге тартуға тырысамыз. Мысалы, өткенде «күйеуім қолымды сындырды» деп Қарағанды облысынан бір келіншек хабарласты. Дауысынан ауырсынып тұрғаны байқалды. Әңгімеге тарта отырып, оның азаматтық некеде тұрып жатқанына бірнеше жыл болғанын білдік. Екі және үш жасар екі балалары бар. Өздері жер үйде тұрады. Оның өзі келіншектікі, әке-шешесінен мұрагерлікпен қалған. Күйеуінің де әке-шешесі жоқ, кішкентайынан жетім қалған. Тек жалғыз әпкесі бар. Соның айтқанынан шықпайды. Тапқан табысын, үйге түскен тиын-тебеннің бәрін соған береді. Өзі үйдің тірлігіне араласпайды, балаларға да қарамайды. Олардың жәрдемақысы да қайын апайына тиесілі. Біреуге тіс жарса, соққының астына алатынын айтып қорқытады. Полицияға да хабарласқысы келмейді. Олар әкеткенімен, бірнеше сағаттан кейін босатып жібереді. Сол үшін өлердей таяқ жегені де бар. Содан бері әділдіктің барына, біреудің көмектесетініне сенбейді. Полицияға хабарласуға көндіре алмадық. Бізге де байланыс нөмірін қалдырмады. Тек ішін ақтарып, ауыртпалығымен бөліскісі келген екен. Міне, осылай хабарласатындар қаншама?! – Бір күнде қанша адам хабарласады? Соның бәріне жауап бересіздер ме? Қандай кездерде қоңырау көбейе түседі? Сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Оның үстіне, қандай байланыс болса да, бізге қоңырау шалу тегін. Күндіздің өзінде 120, 150-ге дейін қоңырау түседі. Түнде де сондай шамаға жетеді. Ал бір айда 6-7 мыңдай адам хабарласады. Карантинде, қаңтар оқиғасы секілді кездерде хабарласушылардың саны күрт өседі. Жай күндері жасөспірімдерден қоңырау көп түседі. Жақында ғана 16 жастағы бір қыз жылап хабарласты. Айтуынша, жалғызсырап жүр, өзін қолдап-қолпаштайтын ешкім қалмаған. Әке-шешесі ажырасып кеткен. Әкесінің басқа отбасы бар. Оның үстіне, әкесіне көңілі қалған. Тіпті, халін сұрап хабарласпайды екен. Есіл-дерті ақша дейді. Жеткіншек анасымен бірге тұрады. Бірақ анасы күні бойы жұмыстан босамайды. Оның көңіліне қарайтын да шамасы жоқ. Ағасы бар, бірақ онымен сөзге келіп қала береді. Ондайда анасы көбіне қызын емес, ұлының сөзін сөйлеп шығады екен. Осындай отбасылық кикілжің баланы шаршатқан, жалғызсыраған. Сол секілді бұқаралық ақпарат құралдары суицид жайын қызу талқылай бастағанда, хабарласатын жасөспірімдер саны екі есе көбейеді. Олар өмірдің мәні қалмады деп ойлайды. – Жағдайын айтып хабарласқандарға көмектесе алмай, шарасыз қалған кез бола ма? Ондайда не істеу керек? – Мамандарымыздың қай-қайсысы болсын психологиялық білімі бар, арнайы дайындықтан өткен. Сондықтан бірден олар хабарласушының басынан не өткені, қай кезде, қалай болғанын анықтауға тырысады. Егер әлі бір ай өтпесе, психологиялық тәсілмен хабарласушының бойында жиналып қалған үрейін шығаруға көмектеседі. Артынан байланыс нөмірін алып қалып, қажетті органдар немесе ұйымдардың айналысуына жүктейміз. Кейбірі ушықтырып, ешкімді араластырғысы келмейді. Ондайда оның қалауына сүйенеміз. Бәрінен қиыны – адам өмірімен қоштасып, өзіне-өзі қол салып, дәрі-дәрмек ішіп алып не болмаса қан тамырын кесіп жіберген соң хабарласады. Ондайда жалғыз қалудан қорыққаны болмаса, мекенжайын білмейміз, оны көндіре де алмай, жедел жәрдем де шақырта алмай дал боламыз. Сол себепті бізде жақсы табыс не болмаса қызмет үшін ешкім жұмыс істемейді. Өйткені төленетін жалақы өте аз. Ал әрбір хабарласушыға жаны ауырып, жақынындай қарап, бойынан өткізу кез келген маманды шаршатады. Содан болар, психологтеріміз бұл бағытта 2-3 жылдан артық жұмыс  істемейді. Ары қарай мамандарды даярлаумен айналысады. Сондықтан бізге жанашыр, жүрегі жұмсақ жандар керек. – Сенім телефоны біраз адамға демеу болса, енді бірін өлім аузынан аман қалуына сеп болды. Оны бірі білсе, бірі білмейді. Алайда артынан рақметін айтып хабарласа ма? – Әрине, күйбең тірлікпен өтіп жатқан өмірде біздің тірлігіміз судың тамшысындай ғана болар. Бірі – байқар, бірі – көзге де ілмес. Бірақ қараңғы қапаста отырған жанның жүрегіне үміт отын тұтату – біз үшін үлкен бақыт. Әсіресе, осыны түсініп, өмірін мәнді де мағыналы өткізсе, қуанышымызда шек жоқ. Бірде тараздық жеткіншек хабарласты. Жасы – 14-те. Дауысынан, сөз саптауынан өте салмақты, оқыған бала екені  байқалды. Тіпті, спорт саласында жеткен жетістігі де көп екен. Бірақ соңғы уақытта жаттықпай кеткен. Оған себеп, баланың мазасы қашып, үйдің берекесі кеткен. Әке-шешесі ақша үшін ұрсыса берген. Олардың кикілжіңі күнбе-күн ушықпаса, басылар емес. Өзі үйдің кенжесі, үлкен екі әпкесі мен ағасы бар екен. Оның үстіне, бір жыл бұрын 2 жыл бойы кездесіп жүрген қызы тастап кеткен. Содан баланың сағы сынған. Оны ұмыту үшін өзге балалармен араласып, бос уақытын солармен өткізіп, темекі тартуды үйренген. Өмірінің мәнісі қалмады, одан гөрі өзіне-өзі қол салмақ болған. Мамандарымыз оны әңгімеге тартып, біраз сөйлесті. 2-3 күннен кейін әлгі бала психологімізге қайта хабарласып, рақметін жаудырған. Сондай кездерде марқайып қалатынымыз рас.