Күдіктінің қылмысын күшпен мойындатпақ болған полицейлер тұтқындалды
Күдіктінің қылмысын күшпен мойындатпақ болған полицейлер тұтқындалды
194
оқылды
Түркістан облысында күдіктінің басына қап кигізіп, қылмысты мойындатпақ болған полиция қызметкерлері тұтқындалды. Бұл туралы облыстық прокуратура ресми мәлімдеді. Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша Сауран аудандық полиция бөлімінің төрт криминалдық полиция қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатыр. Іске қатысы бар тәртіп сақшыларының екеуі жұмыстан босатылған.
«Қазір Арнайы прокурорлар басқармасының өндірісінде Н.Өмірбековтің арызы бойынша Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1,2-тармақшалары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулыларымен жоғарыда көрсетілген 4 күдіктіге қатысты екі айға дейінгі мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берілді. Түркістан облысының прокуратурасына Н.Өмірбековтен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің тергеушісі тарапынан моральдық қысым көрсетілгені туралы жазбаша шағымы түспеген», –  делінген облыстық прокуратураның ресми хабарламасында.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде полиция басқармасында азапталған ер адамның дауысы жазылған бейнежазба жарияланған еді. Тексеру кезінде бұл бейнежазбаның Сауран аудандық полиция бөлімінде түсірілгені анықталған. Қой ұрлағаны үшін айыпталған азамат өзіне полицейлер күш көрсеткенін айтқан. Сонымен қатар басына қап кигізіп, ұрып-соққанын жеткізген.