Ахмет айтқан асыл сөз
Ахмет айтқан асыл сөз
962
оқылды
Белгілі журналист Берік Уәлидің жетекшілігімен құрастырған «Алаш айтқан асыл сөз» кітабынан Ақаң­ның әр жылдары айтқан айтулы сөздерін жинақтап, мерейтой қарсаңында жариялауды жөн көрдік. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

***

Сайлауды өз мағынасында алып қарап көрелік, бәле болып табылар ма екен? Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр.

***

Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші бол­са, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.

***

Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес.

***

Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, – дейді, біреу: маңдайымдағы елім жаман, – дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.

***

Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі.

***

Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жас­тардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін, бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.

***

Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.

***

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы.

***

Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт: өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді ал­ғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-аралас­тыра ақыры ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал.

***

Амалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?