Дүбірдің дауысы естілді
Дүбірдің дауысы естілді
488
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйек күні Қос­та­най облы­сына жұмыс сапары­мен барады. Онда Мемлекет бас­шысы ағартушы, ұлт ұста­зы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерей­тойының рес­ми іс-шарала­рына қаты­сады. Қайраткердің мерейтойы қар­саңында Қостанай облысында Алаш арысының есімін ұлықтау мақ­сатында бірқатар іс-шара жос­парланған. Алаш арысының мере­кесі 3-5 қыркүйек аралығында үш күн бойы екі елді мекенде тойла­нады. Қос­танай облысы әкімідігі Мәдениет бас­қар­масының басшы­сы Ерлан Қалмақов­тың мәлімдеуін­ше, мерейтой Ахмет Байтұрсынұлы­ның туған жерінен басталып, Тор­ғайда жалғасады. Бүгін «Торғай» ауы­лының орталық стадионында «Ба­балар аманаты» атты республи­калық ақындар айтысы өтеді. Сон­дай-ақ, Н.Ахмет­беков атындағы мәдениет үйінде Ерсайын Төлеу­бай­дың «Оян, қазақ!» спектаклі қойылады. 4 қыркүйек күні мерекелік шара екі бірдей ауылда жалғаспақ. Ахмет Бай­тұрсынұлы ауылында қоғам қай­раткеріне жаңа кесене орнатыл­ды. Кесенеге ұлт ұстазының жер­лен­ген жерінен топырақ әкеліп, рухына тағзым ету жоспарланған, ас беріледі. Сондай-ақ, Алаш ары­сының туған жеріндегі музей-үйі­нің ашылу сал­танаты өтеді. 2009 жы­лы А.Байтұрсынұлы дүниеге кел­ген үйдің болжанған жеріне жер­гілікті жұртшылық күшімен ешбір жәдігері жоқ, шағын ағаш үй тұрғызылған. Осы жылдар ішінде импровизацияланған материалдар­дан салынған бұл ғимарат айтар­лық­тай тозды және ұзақ жылдар қал­пына келтірілмеді. Өңір тұр­ғындары мен жұртшылығының өті­ніші бойынша қайраткердің үйін салып, оны музей-үйге айналдыру пункті республикалық жос­парға енгізілді. Жангелдин ауданының әкімдігі осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған мерейтойлық іс-шараларға дейін үйдің құрылы­сын аяқтап, оны тарихи экспонат­тармен толықтырды. Сонымен қатар, осы ауылда ме­ди­­циналық пунктің ашылу салта­наты өтеді. А.Байтұрсынұлы ауы­лына дейін жалпы ұзындығы 107,6 шақырым аудандық маңызы бар «Шұбалан-Қарасу» автомо­биль жолына жөндеу жүргізілуде, оның 11,4 шақырымы қиыршық тас жа­быны, 96,2 шақырымы топырақ жа­быны болады. Бұдан кейін жер­гілікті халыққа мерекелік концерт ұсынылады. 4 қыркүйек күні «Торғай» ауы­лындағы спорт кешенінде «Өзін-өзі дамыту» атты жастар форумы өтеді. Шара үш бөлімді қамтиды: панельді сессиялар, пленарлы отырыс және пікірталас алаңы. Бұдан кейін ор­талық стадионда қазақ күресінен турнир және ипподромда ат бәйгесі өтеді. Күні бойы этноауылда қа­зақтың ұлттық спорт ойындарынан, атап айтсақ, қызыл жалау, арқан тартыс, жаяу тарту және жамбы ату­дан түрлі жарыстар ұйымдас­ты­рыл­мақ. Түстен кейін «Бабалар ама­­наты» атты республикалық ақындар ай­тысы финалы, сондай-ақ, жастар фору­мы­ның қорытынды шарасы өтеді. Ал кешке жергілікті халық ойын-сауық кеш­терін тама­шалай алады. Орталық стадионда «Жайдарманның» облыстық іріктеу кезеңі жұрт назарына ұсынылмақ. Мерейтойдың екінші күнін мере­келік концерт аяқтайды. 5 қыркүйек күні Торғайда Алаш ары­сының мерейтойы «Халық ән­дері және Ахмет Байтұрсынұлының шығар­малары» атты республика­лық ән байқауымен басталады. Осы күні Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арнап ор­на­­тылған ескерткіштің ашылу сал­­та­наты өтеді деп жоспарлануда. Сон­дай-ақ, биыл күрделі жөндеу­ден өтіп, экс­пози­циясы толық жаңар­тылған Ахмет Бай­тұр­сынұлы мен Міржақып Дулат­ұлының әде­биет үйі таныстырылады. Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз. Әуелгіде көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан ауыл іргесіндегі мектеп­тен сауат ашып, табиғи зеректігінің арқа­сында орыс-қазақ училищесінде, одан Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. Алғаш ауылдық, болыстық, кейін екі класты мек­тептерде ұстаздық етті. Көп ізденіп, сан алуан кітаптар оқи­ды, әдебиет­пен айналысты. Сөйтіп жүріп ел ішінде жас оқыған, еркін мінезді, ба­тыл ойшыл бедел-атағы жайы­лып, та­ныла бастайды. Қазақ әліп­песі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды қолға алып, оқу құралдарын әзірлейді. Араб әліпбиін оңай­лата отырып төте жазуды құрды. Бұл та­рихта «Байтұрсынұлы жазуы» боп таң­­баланды. Жан-жақты жүйе­ленген «Тіл құралы», «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліпби», «Тіл жұм­сар» сынды оқулықтар дайындап, баспадан кітап етіп шығарды. Осы орайда Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде «Ұлтына ғұмырын ар­наған Ұлы тұлға» атты респуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция өтеді. Мерейтой дәстүрлі және эстрада ән­шілерінің концер­тімен аяқталады. Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Осыған орай облыс көле­мінде көптеген ғылыми, тарихи, мәдени, спорттық шара ұйымдас­тырылып келеді. Ілияс Омаров атын­дағы Қостанай облыстық қа­зақ драма театрында жазушы Өтен Ахметтің шығармасы бойынша «Алаш­тың Ахметі» драма-элегия­сының пре­мьерасы өтті. Қойы­лым­ды өңір басшы­сы Архимед Мұ­хамбетов тамашалады. Бұл қойы­лым – қайраткердің рухына жасал­ған тағзым. Қ­ойылым арқылы Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының жары Бәдрисафа екеуінің ара­сындағы сүйіспеншілік, сыйластық сезімі арқылы, оның елге деген махаббаты, өз ісіне деген адалдығы, халқына деген перзенттік борышына куә боласың. Ахмет Байтұрсынұлы есімі мәң­гілік, еңбектері де мәңгілік ес­керт­кіш-естелік болып қалары сөз­сіз. Қостанай облысы әкімдігі Мә­дениет басқармасының бас­шысы Ерлан Қалмақов, қайрат­кердің 150 жылдық мерейтойына арналған іс-ша­ра­лар әрі қарай да жалғасын табатынын айтты.

Асыл ТҰМАР