Нұр-Сұлтан қаласында 3-4 қыркүйекте өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде Жамбыл облысының өнімдері ұсынылады, – деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Жамбыл облысының 100-ге жуық кәсіпкері елордаға 495,8 тонна өнім әкелмек. Олар – 47 тонна ет (жылқы, сиыр, қой еті), 15 тонна тауық еті, 14 тонна шұжық өнімдері, 38,8 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 10 тонна кондитерлік өнім, 13,4 тонна макарон өнімдері, 10 тонна балық, 6 тонна бал, 5,5 тонна мақсары майы, 336,1 тоннадан астам көкөніс, бақша дақылдары мен жеміс-жидек өнімдері.
Сонымен қатар 10 тонна қант жеткізіліп, келісі 480 теңгеден ұсынылады.
«Жәрмеңке облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз тікелей өткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы нарықтағыдан 10-20 пайызға төмен болады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, жәрмеңкелер 13 қарашаға дейін әр сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылады. Өтетін орны: «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаң, Тұран даңғылы, 48.
Ал 10-11 қыркүйек күндері өтетін жәрмеңкеде Қызылорда облысының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынады.
27-30 тамыз аралығында Түркістан облысының жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын.