Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің болашағы зор
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің болашағы зор
© коллаж: Елдар Қаба
500
оқылды
Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы аса зор жетістігі – әлеуметтік инфрақұрылымды түбегейлі қайта құруы. Білім беру, медицина және басқа да мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі сапалы ете алдық. Дегенмен, тіпті ең жақсы реттелген құрылымның өзі үнемі модернизацияны қажет ететіні белгілі. Қазірде әлемнің көптеген елдерінің алдында бұл мәселе өткір тұр. Қай бағытқа алға жылжу қажет? Қалыптасқан жүйені қайтсек одан да жақсырақ етеміз? Ал мұндай жаңғыртулар елеулі қаржылай салымдарды талап етеді. Оның салдары – қаражат көздерін іздестіру, әрі оны жоспарлы уақытында және сапалы орындау. Ендеше, осынау міндеттерді жүзеге асырудың нәтижелі тетіктерінің бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Бұл дегеніміз – мемлекет пен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығын көздейтін экономикалық қатынас. Алғашқысы – тапсырыс беруші болса, кәсіпкер – орындаушы. Бизнес үшін мемлекеттік жобалар кешенді шаралар есебінен тұрақты пайда табу мен нарықтағы беделін арттыруға мүмкіндік береді, ал мемлекет бұл ретте азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартумен қатар жобаны іске асыруда сыбайлас жемқорлықтың араласу ықтималдығын төмендетуге қол жеткізеді. Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары алғаш рет 2006 жылы жүзеге асырыла бастады. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша содан бері жалпы құны 2 241 млрд теңге болатын 1045 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және концессия шарттары жасалған екен. Оның ішінде құны 1358 млрд теңге болатын 13 республикалық жоба және құны 882 млрд теңге болатын 1032 жергілікті жоба жүзеге асырылған. Егер аталмыш жобалардың бағыттары бойынша қарайтын болсақ, екі сала көш бастап тұр. Олар – білім беру және денсаулық сақтау салалары. Саны аз болғанына қарамастан, МЖӘ жобаларының тәжірибесі мемлекеттік маңызы бар объектілерге инвестициялау үшін мемлекеттік емес қаржы көздерін тарту, жобаны іске асыру бойынша тәуекелдерді мемлекет пен бизнес арасында бөлу, басқару функцияларын жеке инвесторға беру арқылы экономикалық тиімді басқаруды қамтамасыз ету сияқты елеулі оң нәтижелерді көрсетті. «Іске асырылған жобалардың тиімділігі заңнамалық жүйені жетілдіре түсуге және МЖӘ-ні кешенді түрде дамытуға серпін берді. Бұл тұста мемлекет пен бизнестің серіктестік саласын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қолдағанын, әсіресе ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешуде тиімді әдіс болуы мүмкін екеніне назар аудартқанын атай өту керек», – дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Самат Сағындықов. Бұл салаға соңғы бес жылда бірқатар өзгерістер енгізілді. Мысалы, 2015 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңы қабылданды. Бұл құқықтық база МЖӘ-ні қолдану салалары бойынша бірқатар шектеулерді алып тастады, қатысушылардың құрамын, келісімшарттардың нысандары мен түрлерін кеңейтті, сондай-ақ жеке қаржылық бастаманы енгізуге мүмкіндік берді. Биыл «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» Ұлттық экономика министрлігі және сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып, «2022-2031 жылдарға арналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту стратегиясын» әзірлеп шығарды. Стратегияның миссиясы – мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, мемлекеттік инвестициялық саясатты жүргізуге жәрдемдесу арқылы МЖӘ-нің орнықты озық практикаларын әдіснамалық қолдау және тираждау жолымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету. Стратегияға сәйкес, миссияны іске асыру үшін «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығын» жобаларды жоспарлау, қорға айналдыру және басқару саласындағы талдамалық орталыққа трансформациялау қажет. Сондай-ақ МЖӘ-нің әдіснамасы мен институционалдық ортасын қайта жүктеу, МЖӘ-нің бизнес-процестерін цифрландыру, МЖӘ жобаларын іске асырудағы бағалауды күшейту, МЖӘ жобаларының экономикалық сараптамадан өту процесін жетілдіру, жобаларды ресурстық қамтамасыз ету және мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға жәрдемдесу сынды нақты міндеттерді кезең-кезеңімен шешу жоспарлануда. МЖӘ процедураларын дамыту және жетілдіру үшін мемлекеттік органдар тарапынан қолдау, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдерінің тарапынан белсенді қатысуы қажет. Әрине, осы уақытқа дейін мұндай қолдау көрсетілмеді деп айтуға болмайды, өйткені бұған дейін енгізілген өзгерістер Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің серпін ала түсуіне қолайлы әсер етіп, оның соңы жеке қаржылық бастамалардың және жергілікті атқарушы органдардың дербестігінің артуына алып келді. «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының» қабылданған Стратегиясының негізгі бағыттарында тиімді шешімдерді қолдану іс жүзіндегі оң нәтижелерге жеткізер күн де алыс емес.