Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 мекеме қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қырағылығы мен кәсіби әрекеттерінің арқасында тыйым салынған заттарды алып кіруге жасалған екі әрекеттің жолы кесілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2026 жылғы 10 тамызда «Тосқауыл» режимдік-профилактикалық іс-шарасы аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеменің режим және жедел бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру шараларының кешенін жүргізді.
Тексеру барысында сағат 15:50 шамасында мекеме қызметкерлері «Строй-Проф» ЖШС жүргізушісі, С.Т. азаматының шалбарының қалтасынан 20 000 теңге көлеміндегі ақша қаражатын анықтап, тәркіледі. Оның ішінде номиналы 10 000 теңгелік екі банкнот болған.
Кейін, сағат 16:30 шамасында А.С. азаматы жеткізген сәлемдемені тексеру кезінде қызметкерлердің мұқияттылығының арқасында азық-түлік өнімдерінің арасында болған донердің ішінен сотталған адамға беруге арналған ұялы телефон анықталып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша А.С. азаматына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
Бұл фактілер қызметтік міндеттерін орындау барысында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жоғары қырағылығы, мұқияттылығы мен кәсібилігінің маңыздылығын тағы бір рет дәлелдейді.
Мекеме басшылығы азаматтарды ҚАЖ мекемелеріне бару кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады және ескертеді: сотталған адамдарға тыйым салынған заттарды беруге жасалған әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
