Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейеді. Енді күйеуі әйеліне қол көтеріп, алайда келіншек оның үстінен арыз жазбаса да, ер адам жазасыз қалмайды. Мұндай еркектерге бұған дейін әкімшілік ескерту беріліп келген болса, енді олар көше сыпыруы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында айтты.
Егер отбасылық зорлық-зомбылық фактісі тіркелсе, жәбірленуші мен оған зәбір көрсеткен адамның бір-біріне кім болып келетіні маңызды емес, бәрібір жазасыз қалмайды. Бастысы, ол онымен отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста болса жеткілікті."Отбасылық зомбылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің шегін белгілеу жоспарлануда. Бапта қамауға алу қарастырылған болса, онда ол 5 тәуліктен басталады. Егер қайталанған жағдайда 20-дан 25 тәулікке дейін қамалады. Жәбірленуші арыз жазбаған болса да, абьюзер жазаланады. Қайталама құқықбұзушылық кезінде тараптар татуласа алмайды. Бұл дегеніміз — жанжалқой адам өзінің құрбанына психологиялық және физикалық тұрғыдан "арызыңды қайтып ал" деп қысым жасай алмайды", - делінген ведомство ақпаратында.Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адамға әкімшілік ескерту беріліп келген болса, енді оларды қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылуда.
"Бұл дегеніміз - әйеліңізді ұрдыңыз ба көше сыпырыңыз! Өз мінез-құлқыңызды бақылау үшін күшті мотивация!" - деп атап өтті министрліктегілер.Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 35 мың адам отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Шектеулерді бұзғаны үшін 3,5 мың құқық бұзушы жауапқа тартылған.