Алматылықтар Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек жинауда
Алматылықтар Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек жинауда
©А.Мұрзанов
1,698
оқылды
Алматыда "Жастар рухы" коуоркинг орталығында Қостанайдағы тілсіз жаудың шығынана байланысты гуманитарлық көмек ұйымдастырылуда. Бұл шараны "AMANAT" партиясының Алматы қалалық филиалы ұйымдастырды. Бірнеше күннен бері Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман-тоғай ғана өртеніп қоймай, өкінішке қарай адам шығыны да болып отыр. Тілсіз жау біршама аумақты шарпыды. Соның салдарын жоюға қысылтаяң шақта Алматы жұртшылығы да өз жәрдемін тигізуге жұмылуда. Қостанай Аталған көмек орталығына белді кәсіпкерлер, қала тұрғындары, қарапайым азаматтар да өз үлестерін қосып отыр. Нақтырақ айтқанда, қант, ұн, күріш, сарымай, сабын секілді тұрмыстық қажеттілік тудыратын заттар жиналу үстінде. – Бүгін таңертеңнен бастап Қостанайға көмек қолын созу мақсатында гуманитарлық пункт ашылды. Осы жерде еріктілер, тұрғындар, көмектесуге ниетті жастар келіп жатыр. Мұнда азық-түліктен бөлек, жеке гигиеналық заттар да әкелінуде. Сонымен бірге құрылыс заттарын да алып келуде. Көмектесем деушілер қатары сағат сайын артуда. Бұл бізді қуантады. Сонымен қатар Алматы қаласының тұрғындарымен бірге мәслихат депутаттары да өз қолдауын білдіруде, – деді "Жастар рухы" ЖҚ АҚФ төрағасы Әкежан Кеңесов. Қостанай Сонымен бірге аталған орталыққа қарапайым шаһар тұрғындары, жастар өз үлестерін қосып, атсалысуда. – Біз отбасымызбен бірге осы бір келеңсіз хабарды естідік. Анық-қанығын әлеуметтік желілерден білдік. Осы жағдайға жүрегіміз ауырды. Сол себепті де аз да болса көмектесуді ойладық. Сондықтан киім-кешек, азық-түлік сияқты түрлі нәрселерді өткіздік, – деді Ершат Сәбитов есімді қала тұрғыны.