Алматының зообағында Сұлу атты ұрғашы керік төлдеді. Хайуанаттар бағының баспасөз қызметінің мәліметінше, керіктің баласы шілде айының соңында дүниеге келген.
«Бүгін сіздермен кезекті жақсы жаңалығымызбен бөліспекпіз. Алматы хайуанаттар бағындағы Хан мен Сұлу атты керіктер жұбы кішкентай еркек құлынды өмірге әкелді. Жаңа туған кішкентай керік шілде айының соңында дүниеге келді», – деп жазды Алматы зообағы өзінің Instagram парақшасында.
Қазір ол әкесі мен әпкесінен бөлек анасымен бірге тұрып жатыр.
«Оған әлі ат қойылмады. Сондықтан біз кішкентай керікке ат қоюға байқау жариялаймыз. Сүйкімді жануардың түріне қарап ерекше есімдерді айтыңыздар. Парақшамызға пікір қалдырып, өз ұсыныстарыңызды жазыңыздар», – делінген зообақтағылар жариялаған жазбада.
Биыл зообақтағы тұяқтылар бөлімінде 19 төл өмірге келген. Мамандар алда әлі жағымды жаңалықтар көп болатынын атап өтті.
«Зообақ – өзіне тән табиғаты бар, жануарлардың ерекше әлемі. Мұнда жануарлар өзара жұп құрып, төлдеп, көбейіп жатады. Біз зообағымыздағы жаңа төлдердің туғанын олардың кішкене өсіп, қатайғанынан кейін ғана көпке жариялаймыз», – деп хабарлады зообақтағылар.