Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері трансұлттық қылмыстық топтардың 11 адамын ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.Polisia.kz-тің дерегінше, ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті жедел әрекет етіп, Бас прокуратураның көмегімен бір-бірімен тайталасқан екі трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті.
Олар өз ұлтының кәсіпкерлеріне заңсыз алым салып, олардың арасында қылмыстық идеялар мен ұрылардың ұстанымдарын енгізуге әрекеттенген.
Алматы, Атырау, Петропавл, Ақтау қалалары мен Жамбыл облысының аумағында ІІМ-нің арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің қатысуымен жүргізілген арнайы операция кезінде жедел қызметкерлер қылмыстық топтардың 11 қатысушысын, соның ішінде қылмыстық текетірестерге тартылған «киллерді» ұстады.
Олардың жүрген жерлері мен тұрғылықты мекенжайына 25 тінту жүргізіліп, қару-жарақ, ақша, есірткі тәркіленді.