Әулиекөлде өртті толықтай сөндірді – Төтенше жағдайлар министрі
Әулиекөлде өртті толықтай сөндірді – Төтенше жағдайлар министрі
Фото: tengrinews.kz
214
оқылды
Бүгін сағат 15:00-де Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Өрт аумағы 43 мың гектар болды. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумағында қарауылдар бар. «Өрт болған жерді тазалау үшін Ақмола облысының күштері мен құралдары, Восток РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жыртумен айналысады. ТЖМ полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыс істеп, тұрақты жұмыс орындарына оралады»,– деді Юрий Ильин. Өртті сөндіруге құрамында ТЖМ, ІІМ ҰҰ, Қостанай қаласындағы академиясы, Қорғаныс министрлігі, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары: 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 1785 адам жұмылдырылды. Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 272 рет су шашты. Өрт басталғаннан бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды. Әулиекөл орта мектебі (16 адам) мен Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам) эвакуациялау пунктінде 17 адам, оның ішінде 7 бала бар. Эвакуацияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде. ТЖМ жедел желісі жұмыс істейді.