Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бірқатар конституциялық заң жобасы мақұлданды.
Палатаға 2022 жылғы 5 маусымда референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау ұсынылды. Олар – Конституциялық Сот туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, Конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша конституциялық заң жобалары, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және «Прокуратура туралы» конституциялық заң жобасы.
Жалпы отырыста депутаттар бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Ол қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және ұлттық кинокомиссияны құру, шетелдік инвесторларды тарту, халықаралық кинонарықтарда, кинобизнес-алаңдарда және басқа да іс-шараларда Қазақстанның киноиндустриясын көрсету арқылы кинематографияны дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Заң жобасы сондай-ақ елімізде және шетелде әлеуметтік маңызы бар мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді реттейді.
Депутаттар кинематография саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру, кинематографиялық қызмет субъектілерінің халықаралық кинофестивальдерге қатысуына мемлекеттік қолдау көрсету, елде және шетелде қазақстандық кино күндерін ұйымдастыруға бағытталған тағы да басқа бірқатар түзету енгізді.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау үшін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға 25 қазанды Ұлттық мереке – Республика күні ретінде айқындауды, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді, бұдан басқа, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау арқылы айқындауды ұсынды.
Сондай-ақ жиында Мәжіліс комитеттері кәсіби біліктілік туралы жаңа заң жобаларын, сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша қылмыстық-процестік кодексті және Салық кодексіне қатысты заң жобаларын жұмысқа алды. Сонымен бірге Мәжіліс комитеті бірқатар ратификациялық заң жобаларын да қарады.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.