Қызылжарда полицей күйеуін пышақтап өлтірген әйел сотталды
Қызылжарда полицей күйеуін пышақтап өлтірген әйел сотталды
Фото: yandex.kz
553
оқылды
Қызылжарда учаскелік полицейді әйелі пышақтап өлтірген. AstanaTV-ның хабарлауынша, оқиға Қызылжардың Береке шағын ауданында мамыр айында болған. Туыстарының айтуынша, түнгі сағат 03:00 шамасында марқұмның қанға тұншығып жатқанын әкесі естіп, бірден жатын бөлмесіне барған. Қанжоса етіп пышақталған баласы мен сілейіп тұрған келінін көріп жанұшыра айқайлап жіберген. Бастапқыда әйелі күйеуінің суицид жасағанын айтып ақталған көрінеді. Бірақ тергеу кезінде кінәсін толық мойындаған. СҚО Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Сергей Викторенко: «Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша, адам өлтірген Айгүл Жұмағалиді кінәлі деп тауып, орташа қауіпсіздігі бар колонияда 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, айыпталушы жәбірленуші тарапқа 4 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуі тиіс», – деді. Марқұм сол ауылда учаскелік полицей болған. Былтыр Петропавлда «Үздік маман» атаныпты. Әріптестері оның қызметіне адал, тәртіпті отағасы болғанын айтады. Ал сотталған әйелдің төркіні марқұммен көңілдес болған әйел берекелі отбасының шырқын бұзды деп есептейді.
Айыпталушының анасы Айсұлу Баубекова: «Бәрін бүлдірген күйеу баламмен көңілдес болған әйел. Дарханнан бала тапты дейді. Бірақ баланың Дарханнан екеніне сенімді емес. Анығын өзі де білмейді. Сол әйелді соттау керек. Ал менің қызым кінәлі емес деп ойлаймын», – дейді.
Марқұм полицей мен сотталған әйелдің артында екі баласы қалды. Ата-әжесі немерелерін өз қамқорлығына алды.