Әуесқой велосипедші Ернат Мелсұлы Ахмет Байтұрсынұлының ауылынан Ыстанбұлға дейін 5 555 шақырымды жүріп өтпек.
Веломарафон Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып отыр. Ол қоғам қайраткерінің туған күнінде және оның туған жерінде басталады. Атап айтқанда, 5 қыркүйекте Ақкөл ауылында басталып, Ыстанбұлда аяқталады. Ернат 55 күнде 5 555 шақырымды жүріп өтпек.
«Бұл сапарға жаз бойы дайындалдым. 700 мың теңгеге жаңа велосипед сатып алдым, ол жеңіл әрі жылдам. Сондай-ақ тиімділік пен жылдамдықты арттыруға көмектесетін велосипед аяқкиімін сатып алдым. Өзіммен бірге алып жүрген жүктің жалпы салмағы 30 келіні құрайды», – деді веломарафоншы.
Ернат еліміздің төрт облысының (Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау) және Әзербайжан, Грузия, Түркия аумақтарымен жүріп өтеді.
«Велосипедпен Маңғыстау облысына жетемін. Ол жерден құрғақ порт арқылы Бакуге дейін жол тартамын. Содан кейін велосипедпен Ыстанбұлға қарай жүремін. Жолда байланыс нашар, бірақ мүмкіндігіме қарай еңсерілген жол мен болған жерлер туралы өзімнің әлеуметтік желілердегі парақшаларымда жазатын боламын», – дейді ол.
Екі айлық марафонның негізгі мақсаты – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын, Абай Құнанбайұлының Tolyq Adam тұжырымдамасын дәріптеу. Сондай-ақ веложарыс Қазақстан мен Әзербайжан, Грузия мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орайластырылған.
Еске сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Ернат 9 сағат 56 минут ішінде 150 шақырымды велосипедпен жүріп өткен болатын. Велошеру Қазақстанның рекордтар кітабына алғашқы қысқы веломарафон ретінде енді.