Үшінші мегаполисте халық саны өскен сайын түрлі өнім, қызмет түрлеріне деген сұраныс та артып келеді. Есесіне кәсіпкерлік нысандары көбейіп, бәсекеге қабілеттілері нарықта орнын тауып жатыр.
Инвестиция тартудан алда келеді
Шымкент қаласының инвестиция тарту жағынан да көш бастап тұрғаны рас. Бұл туралы талай мәрте Үкімет отырысында да айтылды.
Мәселен жыл басынан бері Шымкент қаласының экономикасына 130,9 млрд теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6 пайызға артқан. Осы көрсеткішпен Шымкент елімізде инвестиция тартудан көш бастап отыр.
Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн теңге болатын 296 инвестициялық жобаның базасы жасақталған. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде биыл құны 241 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланған.
Сонымен бірге, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады.
Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.
Ал инвестициялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылап отырады.
Инвестициялық жобалар ел экономикасына тиімді
Жуырда өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында кәсіпкерлер жаңа инвестициялық жобаларын таныстырып, олардың өңір және ел экономикасына тиімділігі жөнінде ұсыныстарын атап өтті.
Мақұлданған жобалардың қатарында полипропилен жібін шығаратын «Агрополимер» ЖШС бар. Өндіріс 2023-2024 жылдары іске қосылады. Инвестиция көлемі 1,94 млрд теңгені құрайтын жоба нәтижесінде 41 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Осынау жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 2 гектар жер беруін сұрады.
Ал, сутегі асқын тотығын өндіретін HYDROGEN ENERGY ЖШС 30 адамды жұмыс орнымен қамтымақ. 4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асады. Жылына 8 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорын үшін «Оңтүстік» АЭА-дан 2,4 гектар жер телімі берілетін болды.
Шымкент қаласы