Үшінші мегаполистің екінші тынысы
Үшінші мегаполистің екінші тынысы
517
оқылды
Шымкент қаласының республикалық мәртебе алғанына 4 жыл толды. Осынау жылдар ішінде үшінші мегаполистің екінші тынысы ашылды десек те болады. Соңғы 4 жылда Шымкент қаласының өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға немесе 492,3 млрд теңгеден 785,4 млрд теңгеге ұлғайды. Осылайша, мегаполис инвестиция тартудан республикада көш бастап тұр, яғни 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Биылдың өзінде қалаға жарты триллионнан астам инвес­тиция тарту жоспарланып отыр. 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, былтыр бір жылдың ішінде оның 1 миллион шаршы метрі пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға немесе 58 мыңнан 75,3 мыңға дейін өсті. Олардың шығарған өнімдерінің көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Қала бюджеті 4 есеге дейін артқан. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов атап өтті. Жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүзеге асып жатыр. Шымкент қаласының халқы 1 миллионға жетіп, шалғай ауылдары кө­бей­гендіктен инженерлік инфра­құрылым мәселесі басты назарда тұр. Бозарық қосалқы стансасы мен АГРС іске қосылып, тұрғындар электр қуаты мен табиғи газ тапшылығынан құтылды. Олар­дың қуаттылығы алдағы 5-6 жылға же­те­ді деп жоспарланып отыр. Қала тұр­ғын­дарын ауызсумен, электрмен және та­­би­ғи газбен қамту жұмыстары жыл сайын қарқынды дамып келеді. Мегаполис тұрғындары таяу жылдары, яғни 2023 жылы ауызсумен, 2025 жылы электр қуаты­мен және табиғи газбен 100 пайыз қамтыл­мақ. Бұл соңғы төрт жылда жеткен негізгі көр­сеткіштер. 2 жаңа индустриялық аймақтың құрылысы басталды Қазір Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша Үкіметпен бекітілген «Ха­лық­тың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» іске асырылып жатыр. Жалпы Шымкент қаласында ағымдағы жылдың І тоқсанындағы орташа жалақы 23,3 пайыз өсіп, 216 867 теңгені құра­ды. Өткен жылы жалпы өңірлік өнімі 2,6 трлн теңгеден асып, экономикалық өсім 5,4 пайызды құрады. Ал биылғы жылы алғашқы бес айдың өзінде өнеркәсіп өнім көлемінің индексі 7,9 пайызға, инвестиция көлемі 29,2, құрылыс жұмыстары 3,4, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 44,5 және бөлшек сауда көлемі 18,5 пайызға артып отыр. 2022 жылға қала бюджетінің көлемі 573,7 млрд теңгені құрады. Оның 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 21 пайызы даму жобаларына бөлініп отыр. Бюджет қаражатын ұлғайту арқылы қала­дағы біршама өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы ая­сын­да 158 жобаға 3,9 млрд теңге қаржы бө­лінген. Оның ішінде 140 балалар ойын алаңын, 24 ашық спорт алаңын және 2 ир­ри­гациялық арықтар орнату жұмыстары бар.
Қала басшысы халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындарын көптеп ашу қажеттігін, бұл бағытта биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын да атап өтті. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылған. «Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ KazAlPack ЖШС, яғни «алюминий банкілерінің өндірісі» жобасын атап өткім келеді. Жоба құны 23,4 млрд теңгені болатын кәсіпорында 145 адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпорынның 500 млн алюминий банкілерін шығаруға мүм­кін­дігі бар. Өндірілген өнім елге келген им­порттың 60 пайызын алмастырады», – дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар жоспарланған жоба­лар­дың ішінде қала экономикасы үшін маңызды жобалардың бірі ретінде түсті металл концентраттарын шығаратын (мыс, қорғасын, мырыш, алтын) Standard Steel KZ ЖШС-ін атап өтуге болады. Құны 8,5 млрд теңгені құрайтын зауытта 250 адам жұмыс істейтін болады. Бұл жобаның қала үшін маңызды болуының себебі бұрынғы қорға­сын зауыты аумағындағы қорғасын қал­дық­тары тазартылып, қаланың экология­сына оң әсер ететін болады. Айта кетейік, мегаполистегі 4 индус­триялық аймақта 185,3 млрд теңге болатын 130 жоба іске асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Балалар жылына басымдық берілген Үшінші мегаполисте келесі маңызы мәселе – агро-өнеркәсіп кешені. Мемлекет басшысы геосаяси жағдайдың күрделенуіне орай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне баса назар аударып келеді. Бұл мәселені ауылшаруашылық өнім­дерін терең өңдейтін өндіріс алаңдарын дамыту арқылы шешуді қолға алу көздел­ген. Бүгінде аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индус­триялық аймағында инженерлік инфра­құрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілу­де. Нәтижесінде, ондағы 21 жобаға 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында құны 11,0 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылған. Олардың қатарында қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығы бар. Сонымен бірге бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарланып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты беріліп келеді. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында 13,3 млрд теңге қарас­тырылып, бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясын­да 74 жобаға 1,1 млрд теңге қолдау көрсе­тілді. Сондай-ақ жергілікті «Іскер қала» бағ­дар­ламасы аясында 19 жоба қаржылан­дырыл­ған. Ал кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін Shymkent–Atameken микроқаржы ұйымы арқылы кәсіп­керлерге 25 млн теңгеге дейін 6 пайыздық несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген. «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарды әзірлеу бойынша қолдау көрсетілген. Мемлекет басшы­сы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жария­лағаны белгілі. Шыны керек, Шымкент қаласы бұл тұрғыда едәуір жұмыс атқарып келе жатқанын байқауға болады. Балалар жылына арнайы іс-шаралар жоспары бекі­тіліп, бұл бағытта 44,6 млрд теңге қаралған. Оның ішінде осы жылдан бастап барлық бастауыш сынып оқушылары, яғни 103 мыңнан астам оқушы көп жылдан бері алғаш рет тегін ыстық тамақпен қамтылды. Сонымен бірге қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр. Президент білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1 000 мектеп салуды мін­дет­теген. Шымкентте аталған тапсырмаға орай 101 мектептің құрылысы жүргізілмек. Сонымен қатар баспана кезегінде тұрған азаматтарға әлеуметтік көмек ретін­де қайтарымсыз негізде 500 млн теңгеге 500 тұрғын үй сертификаттарын беру қарас­тырылған.
Мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамыту аясында бірқатар ірі жобалардың құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. «Биыл қалада 352 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қазір қалада 2 жо­лай­рық құрылысы жүруде. Биыл Рысқұлов-Қонаев жолайрығы толық пайдалануға берілмек. Арғынбеков-Бәйдібек би жолайрығының құрылысы басталды, ол келер жылы аяқталады. Одан бөлек, Шым­кент қаласында 2025 жылға дейін 3 жолай­рық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 авто­мобиль жолын қайта құру және Қона­ев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады», – деп атап өтті қала әкімі М.Әйтенов.
Осылайша, еліміздегі үшінші мега­полис мәртебесін иемденген Шымкент қаласы күннен күнге көркейіп, барлық салада дамып, жаңа қалаға айналып келеді.

Шымкент қаласы