Қазақстандық екі фильм Қазандағы халықаралық мұсылман кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды.
«Көрермен көзайымы» жүлдесін Татарстан мен Қазақстанның бірлескен жобасы – «Тарлан» фильмі алды. Марапатты табыстау үшін фильмнің режиссері Юлия Захарова, фильмнің қазақстандық тараптағы бас продюсері Алмагүл Тілеуханова және фильмнің бас кейіпкері Бекежан Маясаров шақырылды.
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі «Мұқағали» (Қазақстан) фильміне бұйырды. Режиссері – Болат Қалымбетов. Бұл туынды қазақтың ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған және фильм оның өмірінің соңғы жылдарын баяндайды. Жүлде фильмдегі басты кейіпкерді сомдаған актер Асланбек Жанбалаевқа берілді. Фильмнің әлемдік тұсаукесері «Қараңғы түндер» 25-ші Таллин кинофестивалі (PÖFF) аясында өтіп, онда қазақстандық фильм экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды.
Осы жылдың наурыз айында биографиялық картина Кералада (Үндістан) өткен 26-шы халықаралық кинофестивальдың «Әлемдік кино» номинациясына ұсынылды.
7-11 қыркүйек аралығында Татарстан астанасында Қазан халықаралық мұсылман кинофестивалі өтті. XVIII Қазан мұсылман кинофестивалі аясында 120-дан астам кинотуынды көрермен назарына ұсынылды.