Ұстаздықты ұлық тұтқан әулет
Ұстаздықты ұлық тұтқан әулет
1,254
оқылды
«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейді қазақ даналығы. Расында, ұрпақтың оқу-ағарту ісімен айна­лысып отырған мұғалімдер қауымы қандай құрметке де лайық. Ал «ұстаз­дар династиясы» саналатын жанұя­лардың орны тіптен ерек. Міне, сон­дай ұстаздық әкеден балаға мұра бо­лып келе жатқан отбасының бірі – Әлмен әулеті. Жамбыл облысы Талас ауданы Майтөбе ауылының тумасы Әділбек Әлмен 20 жылға жуық уақыт осы елді мекендегі Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарса, жұбайы Гүлбану Тоқберген сол мектепте физика пәнінің ұстазы болған. Бүгінде қос ағартушы бейнетінің зейнетін көруде.
– Болашақ жарым Гүлбанумен қазіргі Тараз қаласындағы педагогикалық университетте оқып жүрген кезімде таныс­тым. Ол да мен сияқты физика-математика факультетінде білім алды. Көңіліміз жарасқаннан кейін шаңырақ көтеріп, дипломымызды қолымызға алып туған топыраққа оралдық. Өзім физика пәнінің мұғалімдігінен бастап мектеп директоры қызметіне дейін сатылап өстім. Ал жарым өмір жолын тек ұстаздыққа арнады. Бүгінде бір саланың маманы атанып, бірге өмір кешкенімізге елу жыл болыпты, – дейді отағасы Әділбек.
Бақытты отбасы Тұрсынай, Әділет, Майра, Айдын есімді төрт перзент сүйген. Бір ұлы әкесі мен анасы қызмет еткен Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектептің мұғалімі. Өз балалары да педагогика саласын таңдаған. Ал тұңғышы Тұрсынай Әділбекқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытушы.
– Әкем мен анам: «Әрдайым таза жүріңдер. Ұят болар тірлікке бармаңдар. Өйткені сендер мұғалімнің баласысыңдар» деп айтып отыратын. Ұстаздықтың қандай ұлы мамандық екенін көріп өскеннен кейін әке мен ана жолын қуып, төрт бауыр да мұғалім мамандығын таңдадық. Өзім университетте оқытушымын. Өзге бауырларым ауылдағы білім ошақтарында бала оқытып жүр. Ата-анам­нан алған үлгі-өнегені бүгінде өз перзенттерімнің де бойына сіңіріп келемін, – дейді Тұрсынай.
Әлмен әулетінің қос келіні де мұғалім. Алайда, қазір бала күтімімен үйде отыр екен. Ұстаздықты кәсіп қылып, ұл-қыз­дарын осы салаға баулыған Әділбек пен Гүлбанудың 17 немересі бар. Немерелерінің тұңғышы Жасұлан да қазір жоғары оқу орнында ұстаздықтың қыр-сырын меңгеріп жатыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді мұндайда дана қазақ. Ал ең сүйсінері Гүлбану әжейдің әкесі Серік Тоқбергенов те Талас ауданы, Қожағаппар ауылында талай жыл мектеп директоры болған. Сондай-ақ Әділбек қарияның қос қарындасы Гүлден мен Әлия да ауылдағы мектепте осы күнге дейін ұстаздық етіп жүр. Бір сөзбен айтқанда, бұл отбасында ұстаздық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Жамбыл облысы