Мәслихат депутаттары елорда атауын қайтару туралы бастаманы қолдады
Мәслихат депутаттары елорда атауын қайтару туралы бастаманы қолдады
Фото: sfchronicle.com
352
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ономастикалық комиссия мүшелері, қоғам белсенділерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті, – деп хабарлайды Elorda.info сайты.  Күн тәртібіне Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астанаға ауыстыру шығарылды. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қалалық ономастикалық комиссиядан елорданың атауын өзгерту туралы шешім келгенін, соны қоғамдық тыңдауда талқылауды ұсынды. Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Нұр-Сұлтан қаласында ономастика комиссиясының кезекті отырысында Нұр-Сұлтан қаласының атын Астана деп қайта атау туралы мәселе талқыланғанын, комиссия мүшелері қолдағанын атап өтті.
"Соңғы жылдары қоғамда Нұр-Сұлтан қаласының атауын өзгерту қатты талқыланып келеді. Жыл басынан бері ономастикалық комиссияға бас қаланың атауын өзгертуге байланысты 17 ұсыныс келді.   Парламент  Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы елорданы Астана қаласы деп қайта атау туралы мәселе көтерді. Қоғамда қызу талқыланып жатқандықтан, ономастика отырысын өткіздік", – деді басқарма басшысы.
Одан кейін қоғамдық кеңес мүшелері Марат Мұстафин, Кәрімбек Құрманғалиев, ономастикалық комиссия мүшелері Бүркітбай Аяған, Дәулеткерей Кәпұлы қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені қолдау, бұл – Президенттің халық үніне құлақ асатын тұжырымдамасына сай келетінін, сондай-ақ қазақстандықтардан бөлек, алыс-жақын шетелдің азаматтары Қазақстан дегенде «Астана» атауын жақын қабылдайтынын сөз етті. Мәслихат хатшысы қоғамның үнін білу мақсатында әлеуметтік желінің мессенджері, телеграмм каналдарда сауалнама жүргізіп, оған 5 071 адам қатысқанын, оның 80 пайызға жуығы «Астана» атауын қолдағанын айтты. Онлайн форматта қосылған журналистердің сұрағына жауап беріп, бас шаһардың атауын өзгерту процедурасына тоқталды.
"Қоғамдық тыңдаудан кейін қалалық мәслихаттың отырысы өтеді. Егер депутаттар қолдап жатса, оны республикалық ономастикалық комиссия қарайды. Одан кейін Үкіметке жолданады. Өз кезегінде Үкімет Президенттің шешім шығаруына жібереді, – деді Ерлан Ермекұлы.
Бұған дейін Астана атауын қайтару мәселесіне қатысты Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың жазбасын жариялаған болатынбыз.