Алименттен жалтарғандарды абақты күтеді
Алименттен жалтарғандарды абақты күтеді
© коллаж: Әсел Балтақызы
734
оқылды
Ел Президенті осы жылды «Балалар жылы» деп жа­риялағаны белгілі. Ендеше басқа-басқа, дәл биыл бала құқығын қорғауға басымдық берілсе керек. Әсіресе, ата-анасының мақсат-мүддесі бір арнаға тоғыспа­ғандықтан, шаңырағы шайқалған отбасылардың жа­зықсыз жаутаңдаған балалары барынша көңіл бөлуді қажет етеді. Солтүстік Қазақстан облысында бауыр еті баласына алимент төлеуден қашқандар түрмеге тоғы­тылатын болды. Қазірдің өзінде 280 ер адам мен 11 әйелге қоғамнан аластатылу қаупі төніп тұр. Солтүстік Қазақстан облыс­тық прокуратурасының мәліме­тінше, өңірде 291 адам баласынан безіп, алимент төлеуден жалтарып жүр. Айта кету керек, олардың бәрі бірдей қашқын әке емес, арасында безбүйрек аналар да бар. Көкек ата-аналардың өз ба­лалары алдындағы жалпы қары­зы – 320 миллион теңге. Жыл ба­сында бұл қарыз 591 миллион теңге болған екен. Тиісті жұмыс­тардың нәтижесінде азайғаны­нан қалғаны осы. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттардың айтуынша, ажырасып кеткен соң өз балаларына алимент төлеуден қашқақтайтындар жылдан-жылға көбейіп барады. Прокурор айт­қандай, алимент бойынша атқа­рушылық іс жүргізу жыл сайын 12 пайызға артуда. Бауыр еті баласын жалғыз тәрбиелеп отырған тарап мұндайда сотқа жүгінуге мәжбүр. Дегенмен сот шешімі шыққа­нымен, іс бітпейді. Қолдарында өз пайдасына шығарылған сот шешімі бар тарап одан соң али­мент төлеушіні іздеп табу үшін шарқ ұрады. Бұл да оңай шаруа емес. Көбіне әйелдер өз бала­сынан қашқан безбүйрек әкелерді іздеп полицияға жүгінуге мәжбүр. Жауапсыз әкені полиция айлап-жылдап іздесе де, таба алмауы ғажап емес. Прокурорлар али­мент­тен жалтарғандарды көші-қон органдары дұрыс іздемейді деген қорытындыға келіпті. Бұған соңғы жылдардағы атқарушылық іс жүргізуге жасалған сараптама негіз болса керек. Мәселен, али­менттен жалтарушы ретінде із­деуде жүрген адамдардың ха­лыққа қызмет көрсету орталы­ғына барғаны, әкімшілік құқық­бұзушылықтар жасағаны, сол үшін олардың үстінен хаттама толтырылғаны анықталған. Кей­де борышкерлер әкімшілік құ­қықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғанына қарамастан «табылмапты». Бұл туралы айтқан прокурор Марат Қазиев Петропавл қаласының бірнеше тұрғынының аты-жөнін атап тұрып мысал келтірді.
«Биыл 55 адамға алименттен жалтарғаны үшін іздеу жария­ланды. Соның ішінен 11-інің ғана жүрген жері анықталып, 44-іне қатысты іс қозғалып, жедел-із­дестіру шаралары жүргізілуде. Бірақ олардың туған-туысқан­дары мен көрші-көлемі іздестіру шараларынан тыс қалған, жоспар да қағаз жүзінде ғана жасалған немесе мүлдем жоқ. Мысалы, әке парызын орындаудан қашқан бір алиментшіге Петропавл қалалық полиция басқармасы іздеу жа­риялаған. Бірақ іздестіру жоспары орындалмаған, оның жүруі мүм­кін жерлер тексерілмеген, мем­лекеттік мекемелерге сұрау са­лынбаған. Бұдан басқа тағы бес іс бойынша дәл осындай кемші­ліктер анықталды. Бұл полиция органдары мен сот орындаушы­лардың арасында бірлескен іс-әрекет жоқтығын көрсетеді», – деді прокурор.
Олардың пікірінше, полиция бауыр еті баласына алимент тө­леуден жалтарып, бас сауғалап жүрген борышкерлерді қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартуға құлықсыз. Прокуратураның мә­ліметінше, сот орындаушылар­дың ата-ана міндеттерін орын­дауға немқұрайды қараған қарыз иелерін қылмыстық жауапкер­шілікке тарту туралы ұсынысын полицейлер есептен шығарған. Биыл 125 істің 66-сы (53 пайызы) есептен шығарылыпты. Мәселен, петропавлдық әйел үш айдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемегені үшін жекеменшік сот орындаушы оған қатысты қыл­мыстық іс қозғау үшін полиция басқармасына ұсыныс жолдаған. Алайда сот орындаушының ұсы­нысы түсе салысымен ешқандай тергеп-тексерусіз есептен шы­ғарылған. Нәтижесінде, проку­рорлардың араласуымен поли­цияның заңсыз шешімінің күші жойылып, қылмыстық құқық­бұзушылық тіркеуден жасы­рыл­ған іс ретінде есепке алынған және сотқа дейінгі тергеу бас­талыпты. Бірлескен жұмыс ақсап тұр Прокурор Марат Қазиев али­мент төлеу туралы сот шешім­дерінің орындалмауына кедергі келтіретін жайттарға тоқталды. Ең алдымен, атқарушылық өн­діріске және полицияның іздес­тіру жұмыстарына бақылаудың жоқтығы, сот орындаушылардың әрекетсіздігі, жұмысқа жаңаша көзқарастың қажеттілігі, мем­лекеттік органдардың бір-бірімен өзара іс-әрекетінің нашарлығы және жұмыстың ресми тәсілі бұл мәселенің шешілмеуіне себеп болып отырған көрінеді. Сондай-ақ қашқын әкелерді жұмысқа орналастыру бағытында бір­лескен іс-әрекет жоқ. Борыш­керлерді қылмыстық жауап­кер­шілікке тарту да маңызды жұмыстың бір парасы.
«Солтүстік Қазақстан облы­сында 9 289 бала мен 22 жұмысқа қабілетсіз ата-ана алимент алады. Ал 291 ата-ана алимент төлеуден жалтарып отырғанына қарамас­тан, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру туралы мәселе ше­шілмеген. Сот орындаушылар Әділет, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлерінің «Алимент бойынша үш айдан астам бе­решегі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойын­ша өзара іс-қимыл тәртібін бе­кіту туралы» бірлескен бұй­ры­ғының талаптарын орындамай­ды. Сот орындаушылар мен жер­гілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы жолға қойыл­ма­ғандығы салдарынан, ақыр ая­ғында өс­келең ұрпақтың құ­қығы бұзылып отыр», – деді прокурор.
Ал прокуратура органдары жұмысының басым бағытта­ры­ның бірі – бала құқығының қорғалуын қадағалау. Жұмыспен қамту орталық­тарының мәліметінше, сот орын­­даушылар жұмысқа орна­ластыру туралы хабарлама бе­рілген али­ментшілердің тізім­дерін жі­бер­мейді, сот орындау­шылардың жолдамасы бойын­ша жұмысқа орналасу үшін жүгінген адамдар салысты­ры­лып, тексерілмейді. Мәселен, жеке сот орындау­шы петропавлдық борышкердің 715 мың теңге берешегі бар еке­ніне қарамастан, оны жұмысқа орна­ластыру қажеттілігі туралы ха­барлама жібермеген. Жалпы, 20 құжат бойынша осындай жағ­дай болған, яғни «қашқын» әке­лер жұмыспен қамту орталық­тарына жіберілмеген. Проку­рорлық қадағалау нәтижесінде өз қыз­меттік міндетін тиісінше атқар­маған 69 сот орындаушы тәр­тіп­тік жазаға тартылыпты. Прокуратураның мәліме­тінше, өңірде алименттен жал­тарушыларға Қазақстан аума­ғынан шығуды шектеу немесе жүргізуші куәлігінен айыру сияқты шаралар сирек қолда­нылады. Облыс прокурорының бірін­ші орынбасары Әбу-Әли Саттар алдағы уақытта ішкі істер ор­гандары алимент бойынша бо­рышкерлерге қылмыстық іс қозғамаса, бұл жұмыспен про­куратура айналысатынын жет­кізді. Енді бауыр еті баласына ақша төлеуден жалтарғандар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ борышкер жүргізуші куәлігінен де қағылады. Осы күнге дейін облыста 42 борышкер әкеге осындай жаза қолданылды. Ал 65 әке – әкімшілік, 9-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Өзге өңірлердің тәжірибесі көрсет­кендей, отбасы алдындағы жауап­кершіліктен қашқандарды әкім­шілік және қылмыстық жауап­кершілікке тарту шаралары өз тиімділігін дәлелдеген.

Солтүстік Қазақстан облысы