Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында қамыс өрті әлі сөнбеді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тікұшақпен 66 рет су шашты. Әлі 7 гектар жерде қамыс өртеніп жатыр.
«Өрт 14 қыркүйекте жергілікті уақытпен 20.40 шамасында басталды. Теңіз жағалауындағы батпаққа байланысты өртті сөндіру мүмкін емес. Сондықтан «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 ВСУ-5 тікұшағымен әуеден су шашуға шешім қабылданды. Қамыс өртіне кеше әуеден 33 рет су төгілді. Нәтижесінде, шамамен 400 шаршы метр аумақтағы жалын сөндірілді. Кешке дейін әуеден 66 рет су шашылып, 3 гектар жердегі өрт сөндірілді», – дейді өрт сөндірушілер.
Су тікұшақпен қамыс өртінің ошағынан 1,5-2 шақырым қашықтықта орналасқан көлден алынып жатыр.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 33 қызметкері 7 техникамен 2 гектар аумақтағы қамыс өртін сөндірген. Жағалаудағы 7 гектарда қамыс өрті әлі сөнген жоқ.
Каспий теңізінің жағалауында жел оңтүстік-шығыстан соғып тұр. Жел екпіні – 5-10 м/с, ауа температурасы – + 340С.