Туберкулезден жыл сайын 1,5 миллион адам көз жұмады
Туберкулезден жыл сайын 1,5 миллион адам көз жұмады
305
оқылды
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының 90 жылдығына арналған «Орталық Азияда туберкулез індетін жою: үздік тәжірибе, сын-қатерлер және мүмкіндіктер» атты туберкулезбен күрес жөніндегі 6-халықаралық 2 күндік конференцияда айтылды. Екі күнге жоспарланған конференцияға еліміздің Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният, Орталық Азия елдері мен АҚШ, Германия, Қытай, Украина, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Беларусь елдерінің туберкулезбен күрес саласының басшылары мен жетекші мамандары, ДДСҰ сарапшылары, халықаралық ұйымдар (USAID, Жаһандық қор, StopTB Partnership, Partners in Health, KNCV, Жаһандық дәрі қоры (GDF), Abt Associates т.б.) өкілдері, сондай-ақ отандық және өзге елдердің үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып жатыр. Іс-шара ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы Қазақстандағы Жаһандық қор жобасының, АҚШ-тың Орталық Азиядағы халықаралық даму агенттігінің (USAID) және Қазақстан фтизиопульмонологтері қауымдастығының қолдауымен өтуде. Конференцияның мақсаты туберкулез індетін тоқтату бойынша ДДСҰ стратегиясының көздеген мақсатына жету үшін туберкулезбен күрестегі озық тәжірибелерді енгізу жолында интеграция мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Туберкулез Туберкулез әлі де бүкіл әлемде және Еуро-Азия аймағындағы елдерде күрделі проблема болып қалуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметі бойынша, жыл сайын 9,9 миллионнан астам адам туберкулезбен ауырады және 1,5 миллион науқас осы аурудан көз жұмады. 2014 жылдың мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы ауру мен өлім-жітімді азайту арқылы әлем елдеріне туберкулез індетін тоқтатуға мүмкіндік беретін ДДСҰ-ның туберкулезге қарсы күрес стратегиясын қабылдады. Туберкулезді тиімді диагностикалау және емдеудің арқасында 2000-2020 жылдар аралығында 66 миллион науқас аман қалған. ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденовтің айтуынша, Қазақстанның туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасының соңғы 20 жылда халықаралық және ұлттық серіктестермен, өзге қызметтермен бірлесіп жүргізген қарқынды жұмысы айтарлықтай жақсы нәтиже берген. «Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде туберкулезбен ауырғандар саны 4,2 есеге, өлім-жітім 15,5 есеге, 15 жасқа дейінгі балалар арасындағы туберкулезбен ауыратындар саны 10 есеге азайған. Туберкулезбен ауыратын науқастарды жазып шығудың тиімділігі бойынша еліміз әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің біріне ие. 2021 жылы жазылып шығу көрсеткіші туберкулезге сезімталдығы жаңадан анықталған науқастар арасында 85,9% (ДДСҰ стандарты – 85%) және дәріге төзімді туберкулез бойынша – 80,2% (ДДСҰ стандарты 75%) болды», – дейді туберкулез дертімен тікелей күресетін ғылыми орталық басшысы Мәлік Әденов. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан іс-шара ертеңге дейін жалғасады.