Антикор өкілдері Алматы тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасының іске асырылуымен танысты
Антикор өкілдері Алматы тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасының іске асырылуымен танысты
275
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мегаполис тұрғындарын толғандыратын аса өзекті мәселелерді қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын анықтады. Картаға сәйкес, аса өзекті бағыттардың бірі құрылыс және тұрғын үй, оның ішінде  әлеуметтік тұрғын үй бөлу, қала маңын дамыту, әлеуметтік объектілердің тапшылығы мәселелері. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында апатты жағдайларды жою мақсатында қаланың тұрғын үй қорының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, тұрғын үйді реновациялау, яғни ескі тұрғын үйді жаңасына ауыстыру процесі көзделген. Бүгінде Алматының көптеген ауданында негізінен 2 қабатты қаңқалы-қамысты, 1921-1962 жылдары салынған тұрғын үй қоры бар. Соның ішінде Түрксіб және Жетісу аудандарының өзінде бұзуға жататын 1 427 үй қамтылған. Жаңарту бағдарламасына сәйкес, қала тұрғындарын мемлекеттік қаражат бөлмей жаңа жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуде инвесторларды тарту көзделген. Тұрғын үй қорын жаңарту жобасымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов өңірге жұмыс сапары аясында танысты. Сапар барысында тозған тұрғын үй қоры, сондай-ақ бұзылған үйлердің орнына салынған тұрғын үй кешені көрсетілді. Соңында осы бағдарламаны іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдарда ғана емес, халық арасында туындайтын мәселелер мен проблемалар талқыланды.