Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мегаполис тұрғындарын толғандыратын аса өзекті мәселелерді қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын анықтады.
Картаға сәйкес, аса өзекті бағыттардың бірі – құрылыс және тұрғын үй, оның ішінде әлеуметтік тұрғын үй бөлу, қала маңын дамыту, әлеуметтік объектілердің тапшылығы мәселелері.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында апатты жағдайларды жою мақсатында қаланың тұрғын үй қорының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, тұрғын үйді реновациялау, яғни ескі тұрғын үйді жаңасына ауыстыру процесі көзделген.
Бүгінде Алматының көптеген ауданында негізінен 2 қабатты қаңқалы-қамысты, 1921-1962 жылдары салынған тұрғын үй қоры бар.
Соның ішінде Түрксіб және Жетісу аудандарының өзінде бұзуға жататын 1 427 үй қамтылған.
Жаңарту бағдарламасына сәйкес, қала тұрғындарын мемлекеттік қаражат бөлмей жаңа жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуде инвесторларды тарту көзделген.
Тұрғын үй қорын жаңарту жобасымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов өңірге жұмыс сапары аясында танысты.
Сапар барысында тозған тұрғын үй қоры, сондай-ақ бұзылған үйлердің орнына салынған тұрғын үй кешені көрсетілді.
Соңында осы бағдарламаны іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдарда ғана емес, халық арасында туындайтын мәселелер мен проблемалар талқыланды.