Интернет арқылы жігітпен танысқан Ақсу тұрғыны 2 миллион теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz-тің дерегінше, Ақсу қаласының 33 жастағы тұрғыны алаяққа алданып, 2 миллион теңгесінен айырылды. Әйел жігітпен интернет арқылы танысқан. Ол оған Ресей-Украина соғысында жүргенін және жақында Қазақстанға келетінін айтқан. Хат алмасу кезінде ол өз сөздеріне сендіріп, жылы сөздер айтқан.
Кейін жігіт қыздан жеке заттары, құжаттары және 50 мың доллар көлеміндегі қолма-қол ақшасы бар пакетті қарсы алуды өтінген.
Бірақ сәлемдемені шекарадан өткізу үшін мемлекеттік баж салығын және кедендік анықтаманы төлеу керек екенін айтқан.
Әйел бірден жақын маңдағы банктен 2 миллион теңге несие рәсімдеп, көрсетілген банк шотына жіберген. Ақша алған алаяқ із-түзсіз ғайып болған.
«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер осы қылмысқа қатысы бар адамды анықтап жатыр», – деді полицейлер.