Ресей-Қазақстан ұшақтары мен пойыздары қалыпты режімде жолаушылар тасымалдауда
Ресей-Қазақстан ұшақтары мен пойыздары қалыпты режімде жолаушылар тасымалдауда
195
оқылды
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан Facebook парақшасында мәлімдеді. «Құрметті достар, әріптестер! Соңғы күндері Ресей азаматтарының көршілес мемлекеттерге жаппай көшуі қоғам арасында үлкен резонанс тудыруда. Әлеуметтік желілерде шекаралық өткізу бекеттеріндегі қалың нөпір мен ұзын-сонар кезек жайындағы түрлі ақпараттар таралуда. Аталған жазбалардағы пікірлерге қарағанда бұл мәселе отандастарымыздың ерекше назарын аударып отыр", – деген ол. Ол өз тәжірибесін алға тартып, ерте ме, кеш пе – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне осы мәселе турасында көптеген журналистік сауалдар түсуі мүмкін екенін айтады. Себебі, ведомство автомобиль, теміржол және әуе көлігі арқылы жолаушылар тасымалына жауапты.
"Осыған орай, ҚР ИИДМ баспасөз хатшысы ретінде әріптестерімді көлік және тасымалдау салаларында қалыптасқан ахуал туралы дер кезінде құлағдандырып, уақтылы шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету қажет деп санаймын» делінген баспасөз хатшысының қазақстандық медиа мамандарына арналған жазбасында.
Министрлік өкілінің айтуынша, бүгінде еліміздің барлық көлік инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеуде. Пойыздар мен ұшақтар және автобустар қалыпты деңгейде жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуде. Республикалық маңызы бар көлік жолдарындағы қазіргі жағдай мен ондағы қозғалыс қарқындылығы да алдыңғы апталардағыдай қалыпты деңгейде. Сондай-ақ Ж. Омархан тасымалдау сыйымдылығын арттыру және рейстердің кешігу санын азайту мақсатындағы тапсырманы орындау шеңберінде отандық әуе паркі тағы бір «Boeing-737» ұшағымен толыққаны туралы да хабарлады. Бұл SCAT авиакомпаниясының соңғы бір жарым айда алған төртінші «Boeing» әуе кемесі. Сыйымдылығы 189 орындықты құрайтын әуе кемесі авиакомпания паркіндегі ұшақтар санын 30-ға дейін арттырды. Биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанның азаматтық авиация флоты тағы да 10 әуе бортымен толығады деп жоспарланып отыр.