ҰБТ форматы өзгереді
ҰБТ форматы өзгереді
483
оқылды
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуді IELTS және TOEFL форматтарына жақындата отырып өзгерту жоспарланған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Саясат Нұрбек бейнебақылау камералары жазбасы тексерілгеннен кейін 153 түлектің ҰБТ нәтижесі жойылуына қатысты пікір білдірді. Министр бұл тәжірибе толығымен әділ деуге келмейтінін атап өтті.
«Прокторинг – тест тапсырушы талапкердің кез келген заңсыз әрекетін автоматты режимде тіркеу үшін екі бұрыштан бейнебақылау жүргізу жүйесі. Осыдан кейін бейнематериалға талдау жасалады және тәртіп бұзу анық­талды ма, жоқ па – тіркеледі. Осы талдау қорытындысы бойынша тест нәтижесінің күшін жою туралы шешім қабылданады. Мен келісемін, белгілі бір уақыт өткеннен кейін грантты алып қою әділ емес. Сондықтан қазір екі бағыт бойынша өте маңызды жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді министр ОКҚ брифингінде.
Біріншіден, оның айтуынша, елімізде ҰБТ форматы мен оның мазмұны қайта қаралады. Тест кезінде дұрыс және бұрыс жауаптар ғана емес, сонымен қатар функционалдық сауаттылық, да­йындық деңгейі және білімдегі олқылықтар тексеріледі. Министр бұл жұмыс келесі жылы аяқталатынын атап өтті. Өтініш берушілер заңсыз әдістерді қолдана алмайтындай принциптегі жаңа әдістемелік сұрақтар пакеті дайындалды.
«Екіншіден, былтырдан бастап ҰБТ форматы қайта қаралып жатыр. Енді талапкерлер оның уақыты мен орнын өздері анықтайды және екі рет тапсырады. Болашақта ҰБТ ТOEFL және IELTS сияқты болатындай форматқа көшеміз, сонда өзіңізге ыңғайлы уақытта және ыңғайлы жерде да­йындалып, тапсырып, біліктілігіңізді растай аласыз. Сосын құжаттарды тапсыруға бара аласыз», – дейді Саясат Нұрбек.
Ведомство басшысының сөзінше, келесі жылы ҰБТ басқа үлгіде өтіп, онда басқа сапалы сұрақтар болады.