Көптің назары – көршінің «базарында»
Көптің назары – көршінің «базарында»
517
оқылды
Соңғы кездері Kaspi.kz пен Wildberries арқылы кәсіп ашу сәнге ай­на­лып келе жатыр. Себебі жаһандағы шиеленіскен саяси жағдай Қа­зақ­­стандағы электронды сауда нарығына айтарлықтай әсер етуде. Ай­талық, отандық кәсіпкерлер ТМД-дағы ірі Wildberries маркет­плей­­сін­дегі са­тылымды рекордтық деңгейге жеткізген. 2022 жылдың ал­ғаш­қы 5 айында сатылым қазақстандық тауарлар есебінен 7 есеге өскен. Wildberries — ресейлік ең ірі интернет-дүкен. Бұл жерде киім-кешек, үйге ар­налған тауарлар, электроника сияқты жал­пы адам өміріне қажетті заттардың бар­лығы сатылады. Интернет-дүкен Ре­сейден бас­қа, Беларусь, Казақстан, Қырғыз Респуб­ли­касы, Армения елдерінде де жұ­мыс істейді. Бұл компанияны 2003 жылы Татьяна Ба­кальчук деген кәсіпкер ашқан. Соңғы де­ректер бойынша Wildberries-те 340 000 кәсіпкер тіркелген екен. 2021 жылы қазан айын­дағы статистикаға сәйкес, сатып алу­шылар 485,8 млн тапсырыс берген. Ал бұл дегеніміз – орта есеппен 1 күндік тап­сырыс 2,4 миллионға өскенін білдіреді. Был­тыр интернет-дүкеннің жылдық ай­на­лымы 844 млрд рубльді құраған. Бұдан ұғаты­ны­мыз, Wildberries платформасы жыл­дан-жыл­ға дамуда. Сатып алушылары да, сатушылары да кө­беюде. Компанияның мәліметінше, алдағы уақытта интернет-дүкен Еуропа елдеріне де ақырындап тарала бастайды. Одан бөлек Украина мен Ресей ара­с­ындағы әскери қақтығысқа байланысты әлем елдерінің Ресейге шектеу жариялауы Wildberries-тің одан әрі бірнеше есе дамуына әсер етті. Қазір қазақстандықтар онлайн-платформа арқылы сатылымдарын көбей­туді жалғастырып жатыр. Қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда өндірілген тауарлар айналымы 584%-ға көтерілген. Ең жоғарғы көрсеткіш азық-түлік, кеңсе тауарлары, спорт тауарлары, ыдыс-аяқ, косметикалық тауарлар мен парфюмерия өнімдерінде. Ал компания платформа үшін Қазақстан негізгі аймақ болып қала беретінін айтады. Республикадағы логистикалық орталықтар 2,5 есеге көбейген. Бұл кәсіпкерлерге та­уарларды жылдам әрі көп мөлшерде сұрып­тауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Wildberries интернет-дүкені қазақстандық кә­сіп­керлермен теңгемен есеп айырысуға көшті. Біреудің қиындығы біреуге олжа әкелді Көршіміз Ресей санкцияның салдары­нан тауарға тарығып жатқанда, біздің аза­маттар Қазақстандағы бар тауарды интер­нет-дүкенге салып, үстінен бірнеше есе пайда көріп жүр. Тіпті Wildberries-те бизнес бастауды үйрететін курстардың түр-түрі шы­ғыпты. Олардың бағасы – 5 мың теңге­ден 50 мың теңге аралығында. Бізге олар бизнес бастаудан бұрын «қалай жеңіл сауда жасауға» болатынын үйрететінге ұқсады. Себебі интернет платформада тауар сату оңай. Кәсібін бастағандардың біразы ба­зардан арзан бағаға заттар алып, оны сайтқа бірнеше есе қымбатқа орналастырады. Кейін сатып алушы ақшасын төлеп, мекен-жайын қалдырғаннан кейін кәсіпкер арнайы қоймалар арқылы тауарды жібереді. Осылайша айына 2-3 миллион табыс тауып отырған онлайн кәсіпкерлер көбейіп ке­леді. Солардың бірі – Аида Тұрсынова. Оның ең алғашқы тапсырысы 50 мың тең­геге түскен. Содан тапқан табысты айнал­дырып, арасында тағы қаржы қосып отыр. Себебі айналымға ақша түсіп үлгермей күн сайын тапсырыстар түсуде. Аиданың пікірінше, Wildberries қыр-сырын үйреніп алған адамға керемет мүмкіндік. Қазір бір жалақыға қарап отыруға болмайды.
– Бұйырса қойма ашпақшымыз. Ниша­мыз әртүрлі болды, жолдасым екеуіміз 1 688 ден бастап Тао бао сияқты сайттардың бәрін ақтарып ақыры Wildberries-ға тоқтадық. Қазір өз жұмысымыздан бөлек осы кәсіпті жүргізіп отырмыз. Алдағы уақытта коман­далық үлкен жұмыс атқарайық деп жүрміз. Жақын арада сауданы енді бастағандарға арнап, Алматы, Семей қалаларында офф­лайн курс, басқа қалаларға онлайн курс өт­кіземіз. Соған дайындық үстіндеміз. Кур­сымыз таза нәтижеге бағытталады, – дейді Аида Тұрсынова.
Бұл ретте интернет-дүкен ашқан­дар­дың көпшілігі кәсіп бастарда белгілі бір ни­шаны анықтап алуға кеңес береді. На­рық­та­ғы сұранысты ескермесеңіз, жай ғана «кос­метика сатқым келеді» деген қалау жет­кі­ліксіз. Себебі кейбір бағыттар ТМД-да өтімді болмауы мүмкін. Өзін ақтаудың ор­нына шығынға батыруы да ғажап емес. Немесе сұраныс өте жоғары болып, бәсе­келестеріңіз сізді шаң қаптыруы мүмкін. Бизнес-коуч Мейірбек Бердібайұлының пікірінше, кез келген істі бастар алдында үл­кен тәуекелге бел буып тұрғаныңызды тү­сінуіңіз қажет.
– Wildberries – интернеттегі үлкен маркетплейс. Біздің тілмен айтсақ – он­лайн базар. Ол жердегі сатушының негізгі мақсаты – клиентті ұстап қалу. Бұлардың жұмысы – сол жерге адамдарды шақыру. Яғни, олар түрлі тауарларымен, бағасымен тұтынушыларды қызықтырады. Каспиге күніне 6 миллион адам кіреді. Ал Wildberries-ке ТМД елдерінен 180 миллион адам кіреді. Енді осы нарыққа кез-келген адам келіп, саудасын аша алмайды. Олардың белгілі бір қоятын шарты бар. Ең бірінші, кәсібін бастайтын адам заңды тұлға болуы керек, – дейді Мейірбек Бердібайұлы.
Яғни, жеке кәсіпкерлігі немесе жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі бар адам ғана мар­кетплейске тіркеле алады. Бірақ та­уарыңыз жоқ болса немесе бүлінген күйде жеткізілсе клиент сіздің атыңызға шағым жасауы мүм­кін. Ол кезде маркетплейс бір рет ескерту жасап, одан кейін компа­ния­ңызды жауып тастайды.
– Маркетплейс бизнесте тәжірибесі, кәсібі бар адамдарға ыңғайлы. Ал енді бастап жатқандар үшін өте қиын. Себебі бұл жерде кәсіп бастау үшін біраз ақша керек болады. Үлкен нарықта сәйкесінше бәсекелестік те жоғары. Кім төмен баға ұсынса, соның тауары өтеді. Бұл жерде басында төмен баға ұсынып, клиент ұстап тұрамын деу мүмкін емес. Себебі маркет­плейстерде бренд қалыптаспайды. Мыса­лы, Louis Vuitton, Apple сияқты компания­ларға бұл жер тиімсіз. Маркетплейстерге кіру үшін кәсіпкерлерде кемі 5-6 миллион теңге болуы керек, – дейді бизнес-коуч.
Пайда табатын платформаның зияны қандай? 15 тамызда Wildberries өз атауын орыс­шаландырып, «Ягодкиге» ауыстырып, ар­тынша одан бас тартты. Жалпы интернет-магазиннің айналасында түрлі жанжалдар туып жатады. Өткен тамыз айында ресейлік ақпарат құралдары маркетплейстен клиенттердің құнды, құпия деректері сырт­қа тарап кеткенін хабарлады. Осыған бай­ланысты Роскомнадзор бұл компаниядан клиенттерінің банктік мәліметтері сияқты маңызды дербес деректерінің бөгде адам­дарға жария болуына қатысты ақпарат сұратты. Әлеуметтік желіде ол деректердің интернет арқылы сатылып жатқаны туралы хабарламалар пайда болды. Telegram-арналардың мәліметінше, мамандан­дырылған форумда Wildberries базасы 300 доллардан сатылған. Сатушының түсін­діруінше, ол деректер базасын маркет­плейстің қызметкерлерінен сатып алыпты. Базада әр клиенттің аты-жөні, банктік картасының нөмірі, e-mail, соңғы сауда­лары туралы ақпарат және сатып алула­рының сомасы көрсетілген екен. Бұған қоса, барлық саудагерлердің деректері де ұсынылыпты. Ресейлік журналистер заң­сыз сатылған сол базада келтірілген бірнеше сатып алушыны кездейсоқ таңдап алған, содан соң телефон соғып, деректердің растығына көз жеткізген. [caption id="attachment_219569" align="aligncenter" width="1914"]Wildberries интернет-дүкен © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұл ақпарат қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмады. Себебі пандемия кезінде жұрт арзан бетпердені, дәрі-дәрмек пен дәрумендерді содан сатып алды. Тауарларын интернет-дүкен арқылы сатып жүрген қазақстандық саудагерлер де баршылық. Енді олардың деректерінің бәрі қаскү­немдер қолына түссе, алаяқтықтың жаңа түрі пайда болуы мүмкін. Қазір онсыз да елімізде күн сайын алаяқтардың құрбанына айналып жатқан қарапайым халық көп. Мысалы, онлайн алаяқтар 2020 жылы Қазақстан азаматтарын 29,8 млрд теңгеге алдап соқса, былтыр бұл сома 50 миллиардқа жуықтаған. Әрине, Wildberries өз деректер база­сының ұрланғанын фейк деп ақталды. Дегенмен бұл жүйенің қазақстандық бө­лігінде де ақаулар болып тұрады. Бұл тура­лы таяуда Премьердің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұман­ғарин хабарлады.
– Wildberries интернет-дүкенінің жұ­мысында техникалық ақаулар байқалды. Компания негізгі функционалын қалпына келтірді, компанияның ІТ-мамандары ақауларды жою бойынша жұмысты жал­ғастырды. Биылғы 17 наурызға қарай ақау­лар саны 40 есе азайды. Компания дербес және қаржылық ақпарат, оның ішінде банк карталарының деректері зардап шекпегенін және қауіпсіз қоймада екенін атап көр­сетеді. Беру пункттері немесе курьерлік қызмет арқылы тиісті сападағы тауарларды қайтару мерзімі ұзартылды. Бұдан басқа, тапсырыстарды беру пункттерінде тауар­ларды сақтау мерзімі автоматты түрде ұл­ғайтылды, – деген болатын вице-премьер.
Әлеуметтік желіде онлайн-дүкеннен сауда жасап, тұтынушылық құқығының бұзылғанын айтып, қайда арызданарын білмей жүргендер де баршылық. Солардың бірі – Ақерке Ескендір. Ол қазақстандық сатып алушылар тауарды кері қайтарса, валюта бағамының айырмасынан өте көп ақша жоғалтатынына назар аудартады. Өйткені ресейлік маркетплейс тауарларды теңгеге сатқанымен РФ валютасын бас­шылыққа алады.
– Жазда Wildberries қазақстандық сегментінен көйлек сатып алдым. Банк тиі­сінше 1 рубль = 5,74 теңге бағамымен ақша аударып, оны картамнан шешіп алды. Нә­тижесінде, 18 мың теңгеден астам қара­жат шықты. Алайда тауар сапасы төмен болып шығып, қайтардым. Wildberries-дегі жеке кабинетімде растаушы чекті де алдым. Ақ­шаны қайтару бір айдан астам уақытқа со­зылды. Осы аралықта рубль бағамы шамалы қымбаттады. Кейін тауар үшін қаражатым картама қайтарылды. Бірақ небәрі 11 мың теңге ғана оралыпты. Оның мәнісін анық­тасам, теңге бағамы өзгеріп кетіпті. Сөйтіп жоқ жерден, тауарды пайдаланбастан, екі ортада 7 мың теңгеден астам қаржымды жоғалттым, – дейді Ақерке Ескендір.
Кейбір тұтынушылар платформадан тиісті тауарды таңдап, ақшасын төлегеннен кейін интернет-дүкеннің базасында бол­май шыққанын да айтып жүр. Тіпті тап­сырыс берген тауар бүлінген күйде келіп, оны қайтара алмай жүргендері де бар. Мұ­ның бәрі маркетплейс саласындағы мә­селелердің уақыт өткен сайын қордаланып келе жатқанын білдіреді. Дер кезінде мем­лекет саланы бақылап, мәселелерді шеш­песе кейін кеш болуы мүмкін.