Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлауынша, 2006 жылы 80 сотық жер телімі шынымен де орман қорынан шығарылып, сатылып кеткен. «2007 жылы қонақ үй, шиномонтаждау және автотұрақ салу үшін кәсіпкер Бахтияр Абдуллаев пен қала әкімдігі арасында сатып алу-сату келісімшарты жасалды», – делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Жерді сатып алған жеке кәсіпкер 2011 жылы жер телімін өзінің інісіне 300 000 теңгеге сатқан. Мұны жердің қазіргі иесі Фамил Абдуллаев растады. «50 мың, 100 мың теңгеге сатса да, ол – менің ағам. Қаншаға сатқысы келсе де өзі біледі. Ал жер жекеменшік болғандықтан оны қалай пайдалансам да – өз еркім», – деді ол.Кәсіпкердің де зардап шегіп отырғанын түсінушілер бар. Оның жобасы қаланың бас жоспарына сәйкес келмейді екен. Бұған дейін жеке кәсіпкер Фамил Абдуллаев осыны айтып, кәсіпкерлер палатасына жүгінген болатын. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерде жасыл желек болуы тиіс деп көрсетілген. Сондықтан Петропавл қалалық әкімдігі 2020 жылы ауданаралық экономикалық сотқа жер телімінің берілуін заңсыз деп тауып, күшін жою туралы арыз берген. 2021 жылы апелляциялық сот кәсіпкер Фамил Абдуллаевтың талаптарын ішінара дұрыс деп тауып, жер телімі бойынша құқықтарын сақтаған. Қалалық жер қатынастары бөлімінің кәсіпкердің құқықтарын шектеген құжаттарының күші жойылған. Алайда кәсіпкерге учаскеде жобалау мен құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмеген. Кәсіпкердің өзі болса ағашты кеспес бұрын, қала әкіміне жолыққанын, сол кездесуде барлық бөлімдердің басшылары болғанын айтады. Сонда қала басшысы «жер жекеменшікте болғандықтан, құрылыс жүргізуге құқығыңыз бар» деген көрінеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Петропавл қаласының бас жоспары жобасының сәйкессіздігін жою бойынша шаралар қабылдау ұсынылған. «ҚАЗАНШЫНЫҢ ӨЗ ЕРКІ» Бүгінгі күні Петропавл полициясы ағаш кесу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізілуде. Былтыр осындай факт Қызылжар ауданында болған. Кәсіпкер ағаштарды рұқсатсыз кесіп тастаған. Бұл жағдайдан кейін Қызылжар ауданының әкімдігі жер телімін мемлекет меншігіне қайтарды. Қазір ақшалай өтемақы бойынша сот жүріп жатыр. Бұған дейін 18 қабатты тұрғын үй салу үшін Мещан орманы да оталған болатын. Ол кезде де тұрғындар шу көтергеннен кейін құрылыс жүргізуге тыйым салынған еді. Алайда ол жер телімі де орман қоры болып саналмайды. Енді Куйбышев орман шаруашылығының аумағында да құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмегенімен, бұл жер телімі де орман қорынан шығарылған болып отыр. Петропавл қаласының қақ ортасындағы Әуезов көшесінің бойындағы жер теліміне де қатысты осыған ұқсас жағдай болды. 2020 жылы иесі жер телімін қоршап, ағаштарды кесуге кіріскен кезде де шу шыққан. Айта кету керек, бұл жерлердің барлығы қаланы ұзақ жылдар бойы басқарған әкімнің кезінде сатылып кеткен. Жергілікті тұрғындар болса, мұндай бассыздыққа жол бермеуге болмайтынын айтып, дабыл қағуда. Осыдан соң оңды-солды жер таратқыш шенеуніктер ойланса игі.
Солтүстік Қазақстан облысы