Таяуда еліміздегі банктер «Мир» төлем жүйесімен жұмыс істеуден бас тартқаны жайында ақпар тарады. Көп ұзамай кей банктер бұл деректі растады. Сайып келгенде, бұл қадамның артында қаржы ұйымдарының санкция шырмауына іліккісі келмеген көзқарасы жатқаны анық. Ендеше төркіні ресейлік төлем жүйесінің қандай кесірі тиюі мүмкін еді?Түркиядан Өзбекстанға дейін...
Ең әуелі елдегі Халық банк «Мир» төлем жүйесіне орай ұстанымын ашық жариялады. Ресейлік карталарға терминалдар арқылы да, банкоматтар арқылы да қызмет көрсетілмейтінін хабарлаған. Дегенмен банктеріміз жаппай бас тартты деуге келмейді. Мысалы, ресейлік еншілес банк саналатын Қазақстандағы ВТБ банкі кез келген банктердің «Мир» төлем жүйесіндегі карталарына толық қызмет көрсететінін мәлімдеген. Банкомат желісінде және банк кассаларында қолма-қол ақша шектеусіз беріледі. Бұл ретте «Банк ЦентрКредит» банкі өз банкоматтарында санкцияларға ұшырамаған ресейлік банктердің «Мир» карталарын ғана қабылдайтынын хабарлады. Бірақ та «Мир» төлем жүйесі SDN тізіміне енгізілген сәттен бастап ынтымақтастық туралы шарттардың тізімі шектеулі болмақ. Ал Bereke bank (бұрынғы «Сбербанк») «Мир» төлем картасы бойынша қызмет көрсетіліп жатқанын хабарлады. Десек те, карталарды шығару тоқтатылған. Аталған банк бұл істің қандай мерзімге дейін екенін нақтыламай отыр.
Қазір «Мир»-ден бас тартпаған жұрт қалмағандай. Ресейлік төлем жүйесінің карталары енді вьетнамдық BIDV-де де қабылданбайды. Банктер BIDV VISA, Mastercard, Western Union, JCB, UnionPay карталарына қызмет көрсетуді жалғастырады, бірақ «Мир» төлем жүйесі бұл тізімде жоқ. Ресейдің Орталық банкі шетелдік серіктестер «Мир» карталарын қабылдау, қабылдамауды өздері шешеді деп жауап берген. Бірақ ұлттық карталарды қабылдау географиясын кеңейту бойынша диалогті жалғастыруға әлі ниетті отыр. Дегенмен 20 қыркүйекте «Мир» төлем жүйесінің сайтында карталарды қабылдау географиясы туралы жазылатын бөлім жабылған. Ұлттық төлем карточкалары жүйесінің 20 сәуірдегі хабарламасында «пластик» сегіз елде, соның ішінде Қазақстанда қабылданатыны жазылған болатын.
Негізі, банктердің бұл қадамға баруы тектен-тек емесін ұғып отырмыз. Ең әуелі түрік банктері лезде «Мир» карталарын қабылдауды тоқтатқаннан кейін, басқа елдердің несие ұйымдары да ресейлік төлем жүйесімен жұмысын тоқтататынын мәлімдеген. Айтпақшы, түріктің A Haber басылымы Түркия президенті Ердоған Ыстанбұлда министрлермен кездесу өткізіп, Түркия мен Ресейге ортақ төлем жүйесін құруды ойластырған. Жаңа төлем жүйесін құруға АҚШ-тың түрік банктерін қорқыту үшін қолданған санкциялары себеп болды. Өткен аптаның соңына дейін Түркиядағы бес ірі несиелік мекеме ресейлік «Мир» карталарына және сәйкесінше Ресейден келетін туристер ағынына қызмет көрсетті. Санкциялар тізіміне ену қорқынышынан кейін Deniz bank және Isbank қызметтерін тоқтатты. Қалған банктер мұндай шешімдерді әлі талқылауда. Түркия туристердің ақшасын, сондай-ақ Ресеймен газды төлеуге ыңғайлы валютасын жоғалтқысы келмейтін сияқты. Сондықтан Ердоған рубль төлеміне балама іздеуде. 23 қыркүйектен бастап Өзбекстанда да «Мир» карталарына қызмет көрсету техникалық себептерге байланысты тоқтатылды. Uzcard-Mir ко-бейдж карталары Өзбекстан аумағында тұрақты режимде жұмыс істейтінін, бірақ шетелде жұмыс істемейтінін атап өткен.
Сонымен, бұның бәрі санкциядан қорыққан банктердің амалы болатын. Американың Financial Times басылымы АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға басып кіргені үшін салынған санкциядан Ресейдің айналып өтуіне мүмкіндік беретін «Мир» төлем жүйесімен әріптестігі үшін Түркияға қысым жасап жатқанын хабарлаған еді. АҚШ мемлекеттік департаменті Түркияда ғана емес, Кавказ бен Орталық Азия елдерінде де Ресейге салынған санкциядан айналып өтетін әрекеттерге жол бермейтінін мәлімдеген.
Саяси астары «сығалап тұр»
Елдегі банктер «Мир» төлем жүйесінен бас тарта бастағаны көрші Ресейде қызу талқыға түсуде. Көп ұзаған жоқ, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынас туралы даулы мәлімдеме жасаған болатын. Қарсы тарап та жауапсыз қалған жоқ, Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед сол мәлімдемеге жауап қатқан еді.
– Депутат Затулиннің танымалдық рейтингі түссе болды, арандатпа мәлімдемелер айта бастайды. Бұған дейін де бірнеше рет осылай болған. Қазақстандық банктер ресейлік «Мир» банк картасына қатысты өте дұрыс әрекет жасады. Біріншіден, біздегі екінші деңгейдегі банктердің бәрі жекеменшікте. Сондықтан қандай банк картасымен жұмыс істеу пайдалы екенін, қолайлы болатынын өздері шешеді. Екіншіден, «Мир» картасының айналасында шу мен жанжал көп. «Ақша тыныштықты жақсы көреді» дейтін тәмсіл бар. Сондықтан ол өз «алаңдаушылығы» мен «наразылығын» өз еліндегі банк жүйесіне айтсын. Ондағы банк жүйесі Затулин сияқтылардың «арқасында» өте қиын жағдайда қалып отыр. Бізге жол көрсеткенше санкциядан қалай шығатынын ойласын. «Қазақстанның жолы тайғақ» деп отырғандардың өздері талайдан бері тайғақ жолға түсіп алған, – деді сенатор.
Сондай-ақ ол аталған депутаттың жазда да даулы мәлімдеме жасағанын еске салды. Одан соң Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан да Константин Затулиннің мәлімдемесін негізсіз айыптау деп атап, екі ел арасына сызат түсіретінін мәлімдеген.
– Өкінішке қарай, осындай депутаттардың кесірінен таяу шетелдегі Ресейдің достастық бейнесі озбырлық, тәкаппарлық және надандықпен ұштасады. Қазақтарға және өзге де ұлттарға қатысты өздері ойлап тапқан айыппен мұндай саясаткерлер Ресейдің өз мүддесі үшін кері ықпал етеді. Затулиннің мәлімдемесін достыққа сызат түсіретін, негізсіз айыптау деп қабылдаймыз. Ресейдің ішінара мобилизация жариялауынан кейін бірінші күні Қазақстанға 10 мыңға жуық ресейлік келді. Билік те, жергілікті халық та оларға кедергі келтіріп жатқан жоқ. Бұл елімізде орыстарды жек көрушіліктің жоқ екенін көрсетеді, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Депутаттарды былай қойғанда, «Мир» төлем жүйесіне қатысты қаржы сарапшыларының да пікірі оңды емес. Экономист Расул Рысмамбет бұл төлем жүйесінің Қазақстан үшін қажетсіз екенін қайталаумен келеді. Оның ойынша, басқа себептерді айтпағанда, төлем жүйесінен бас тартудың ең негізгі себебі – санкция.
– Бірқатар банк SWIFT жүйесінен ажыратылды. Бұл елдің «Мир» төлем жүйесі мүлде керек емес, – деп қысқа қайырды ол.
Биыл мамырда Ресей тарапы «Мир» төлем жүйесін ТМД елдерінің жүйелерімен синхрондау қажеттілігі туралы хабарлаған еді. Жалпы, экономикалық ықпалын арттырғысы келетін солтүстіктегі көршіміз осыған дейін Ұлттық банкке бірнеше мәрте ұсыныс тастап, Үкіметке хат жолдап, мазаны алғаны есте. Енді өз бастарына күн туып отыр.
Түйін: Қайткен күнде де, еліміздегі кей банктердің ресейлік «Мир» жүйесінен бас тартуын орынсыз санай алмаймыз. Әр қаржылық ұйым өз мүддесін ойлайды. Қазіргі жағдайда олардың басты мақсаты – біреу үшін құрбан болып, санкцияға ілігіп кетпеу.