Аграрлық секторды субсидиялау, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру. Осы және өзге де өзекті мәселелер Мәжілістегі партия депутаты Қайнар Абасовтың төрағалығымен өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитеттің отырысында талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне қатысты бірқатар міндет қойған болатын.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, осы саладағы субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін оны алушыларға бірқатар міндеттеме енгізу жоспарланып отыр.
«Бұл өз өндірісінің өнімін жыл сайын кемінде 3%-ға ұлғайтуды қамтамасыз ету (форс-мажор жағдайларды қоспағанда), еңбек өнімділігін жыл сайын арттыру және негізгі капиталға инвестиция құюды қамтамасыз ету», – деді министр.
Ербол Қарашөкеев ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмысқа да назар аударды. Агроөнеркәсіптік кешенді 2025 жылға дейін дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде ауыл тұрғындарын несиелендіру жұмысы көзделіп отыр. Осы мақсатта 2023 жылдан бастап жыл сайын 7 500 шағын несие беру жоспарымен 30 млрд теңге сомасында қаржыландыру көлемі қарастырылды. Сондай-ақ ол инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне де жеке тоқталды.
«Биыл АӨК-та 81,1 млрд теңге сомасына 110 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 2022 жылдың 8 айында АӨК-тың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 524,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе көп (306,3 млрд теңге). Жыл соңына дейін 127 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда», – деп атап өтті ол.
Отырыс қорытындысы бойынша Комитет бейінді мемлекеттік органдарға арналған бірқатар нақты ұсыным қабылдады.